Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі заңда алғаш рет неке ұғымы, ата-аналар мен кәмелетке толған балалардың жауапкершілігі іргелі деңгейде бекітіліп, отбасы институтын қорғау күшейтілді. Жаңа нормалардың практикалық мәні мен әлеуметтік саясаттың логикасы туралы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Zakon.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Аида Ғалымқызы, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі заңда отбасы туралы бекітілген норма нақты нені өзгертеді? Оның практикалық мәні неде?
– Ең алдымен, отбасы институтының конституциялық мәртебесі өзгерді. Енді неке мемлекеттің тіркеуінен өткен ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде Негізгі заңда бекітілді. Мұндай норма отбасы институтына құқықтық қорғаудың ең жоғары деңгейін беріп, оның мемлекет үшін айрықша маңызын айқындайды және мемлекеттік саясат пен заңнаманы дамытудың ұзақмерзімді бағытын белгілейді.
Тағы бір маңызды қырын атап өткен жөн. Отбасы алғаш рет әлеуметтік саясаттың нысаны ғана емес, мемлекеттің конституциялық негіздерінің бірі ретінде танылды. Баланың дүниеге келуі, оны тәрбиелеу мен қорғау, сондай-ақ демографиялық даму елдің аса маңызды басымдығы ретінде белгіленді.
Мұндай шешім дер кезінде қабылданып отыр. Қазақстан 2020 жылдардың басында бала туу көрсеткішінің рекордтық өсімін бастан өткерді. Қазір демографтар демографиялық өтпелі кезеңнің алғашқы белгілерін байқап отыр.
Бала туу деңгейі біртіндеп төмендеп, неке саны азайып келеді. Жастардың некеге тұру және тұңғыш баласын дүниеге әкелу жасы да ұлғайды. Өмір сүру деңгейі көтеріліп, урбанизация үдерісі жеделдеген және жастардың өмірлік стратегиясы өзгерген сайын барлық дерлік ел осындай заңды кезеңнен өтеді.
Қазақстандағы жағдай әзірге тұрақты және көптеген дамыған мемлекет тап болған күрделі демографиялық сын-қатерлерден алыс. Соған қарамастан, дәл қазір алдағы онжылдықтардағы өмір сапасы мен елдің демографиялық тұрақтылығын айқындайтын шешімдерді қабылдау маңызды. Отбасы институтына назардың күшеюі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың қисынды жалғасы саналады.
Ана мен баланы қолдаудың тұтас жүйесі қалыптасты
Соңғы жылдары Қазақстанда отбасын, ана мен баланы қолдаудың тұтас жүйесі қалыптасты. Әйелдер мен балаларды заңнамалық тұрғыдан қорғау күшейіп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, адамның соңына түсіп қудалау және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Орталық Азияда мұндай батыл қадамдарға алғашқылардың бірі болып бардық.
Атқарылған жұмыс мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сарапшылар қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі болды. Саясатты жүзеге асыру үшін соңғы жылдары заманауи институционалдық жүйе құрылды. Оның құрамына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, әкімдер жанындағы өңірлік комиссиялар және Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты кіреді.
Биыл Президенттің Жарлығымен Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүкіл елде ашылып жатқан Отбасын қолдау орталықтары да айрықша назар аударуға лайық. Қазақстан үшін мүлде жаңа институт өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың ең алдымен жүгінетін орнына айналды.
Орталықтарда «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек кешенді түрде көрсетіледі. Қажет болған жағдайда барлық мемлекеттік қызметтің өзара іс-қимылы үйлестіріледі. Қазір елімізде осындай 160 орталық жұмыс істейді.
Өткен жылдың өзінде орталықтарға 45 мыңға жуық өтініш түсті. Биылғы алғашқы алты айда өтініш саны 30 мыңнан асты. Әр санның артында адам тағдыры және дер кезінде қажетті қолдау көрсетілген отбасы тұр.
Сондықтан Конституция ұзақ жыл бойы қалыптасқан жүйені өзгерткеннен гөрі, оны жоғары құқықтық деңгейде бекітті. Мемлекет өз болашағын отбасылардың әл-ауқатымен, балалардың қауіпсіздігімен және ұрпақтар сабақтастығымен байланыстыратынын растады. Негізгі заңдағы жаңа нормалардың түпкі мәні де осында.
– Конституцияда Қазақстанның өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны тікелей жазылған. Алайда көпшілік әлеуметтік саясатты әлі де жәрдемақы және ақшалай төлеммен ғана байланыстырады. Мұндай түсінік шынайы жағдайға қаншалықты сәйкес келеді?
– Жәрдемақы мен төлем әлеуметтік мемлекеттің маңызды міндетіне жатады, бірақ оның қызметі мұнымен шектелмейді. Мәселеге әлдеқайда кеңірек қарау керек деп ойлаймын. Әлеуметтік мемлекет адамның туған сәтінен бастап жұмысқа орналасуына және белсенді ұзақ өмір сүру кезеңіне дейін білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізуін қамтамасыз ететін жүйені білдіреді.
Мұндай саясаттың нақты нәтижесін бағалайтын ең объективті көрсеткіштің бірі – ана мен бала денсаулығы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы ана өлімі алты еседен астам төмендеді. Соңғы үш жылдың өзінде ана өлімі 35 пайызға, ал нәресте өлімі 24 пайызға азайып, бүкіл кезеңдегі ең төменгі көрсеткішке жетті.
Оң динамиканы Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік қабылдау зерттеуінің нәтижесі де растайды. 2023 жылы респонденттердің 51,3 пайызы ана денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді деп бағаласа, 2025 жылы олардың үлесі 64 пайызға жетті. Демек, ресми статистикалық деректер азаматтардың субъективті бағалауымен де үндесіп отыр.
Мұндай нәтиже кездейсоқ пайда болған жоқ. Оның артында мемлекет пен қоғамның ауқымды әрі жүйелі жұмысы тұр. Репродуктивті денсаулықты қорғау, жүктілікке дайындық және ана болуды қолдау бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.
2023 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен елдегі босандыру ұйымдарына ауқымды мониторинг жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі нормативтік актілерді жаңартып, жаңа клиникалық хаттамаларды бекітті және ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы басқару жүйесін күшейтті. Шалғай елді мекендердегі жүкті әйелдерді сүйемелдеудің қосымша тетіктері де енгізіліп, қазір аталған бағыттағы жұмыс нақты нәтиже көрсетіп отыр.
Сондықтан әлеуметтік мемлекет тек қаржылай қолдау дегенді білдірмейді. Ол адамдардың ұзақ өмір сүруіне, қауіпсіз жағдайда бала туып, оны тәрбиелеуіне қажетті орта қалыптастырудан көрінеді. Сондай-ақ азаматтардың білім, жұмыс және өз әлеуетін толық жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
– Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі мысалды келтірдіңіз. Бала дүниеге келгеннен кейін отбасына қандай қолдау көрсетіледі? Қазіргі жүйе тек төлем төлеумен шектеле ме?
– Бала дүниеге келгеннен кейінгі қолдау бір ғана төлемнен емес, тұтас шаралар жүйесінен құралады. Оның артында мемлекеттің нақты бюджеттік басымдықтары тұр. Жыл сайын шоғырландырылған бюджет шығысының 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады.
Мұндай көрсеткіш өңірдегі ғана емес, Еуропаның бірқатар мемлекетімен салыстырғанда да жоғары. Солтүстік Еуропа елдерінде соңғы жылдары әлеуметтік саланың үлесі мемлекеттік шығыстың орта есеппен 40 пайызын, ал Еуропалық одақ бойынша шамамен 39 пайызын құрады. Бельгия, Нидерланд және Люксембургте әлеуметтік шығындардың үлесі мемлекеттік шығыстың жалпы көлемінің 38 пайызына жуықтайды.
Көпшілік әлеуметтік мемлекеттің жәрдемақы жүйесінен әлдеқайда ауқымды екенін аңғара бермейді. Денсаулық сақтау мен білім беру инфрақұрылымы және қолжетімді медициналық көмек те мемлекет тарапынан адамға және оның болашағына салынатын орасан инвестиция саналады. Әлеуметтік саясаттың ауқымын бағалағанда осы шығындардың барлығы ескерілуге тиіс.
Әлеуметтік блокқа жетекшілік ететін Премьер-министрдің орынбасары ретінде заманауи әлеуметтік саясаттың мәні адамды қиын жағдайда қолдаумен ғана шектелмеуі керек деп санаймын. Мемлекет сапалы білім алуға, денсаулықты сақтауға, адамның өз қабілетін жүзеге асыруына және болашаққа сеніммен қарауына жағдай жасауға тиіс. Мемлекеттік қолдау жеке бастаманың орнын алмастырмай, керісінше адамның мүмкіндігін кеңейтуі қажет.
Заманауи әлеуметтік мемлекеттің философиясы дәл осы қағидаға негізделеді. 2026 жылы балалы отбасыларды қолдауға 974 миллиард теңге қарастырылған. Төрт жыл бұрын аталған сома 547 миллиард теңге болған, яғни қаржыландыру екі есеге жуық өсті.
Әңгіме тек қаржылай көмек жөнінде болып отырған жоқ. Бала дүниеге келгенде төленетін біржолғы жәрдемақы қазір бірінші, екінші және үшінші балаға 164 мың теңгені, ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар отбасы медициналық сүйемелдеумен, профилактикалық тексерумен, вакцинамен, мектепке дейінгі білімге қолжетімділікпен және мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларымен қамтылады.
Қолдаудың бағасы толық бағаланбай жүрген маңызды түрінің бірі – уақыт. Ата-аналар жұмыс орны сақталған күйде бала күтіміне байланысты үш жылға дейін демалыс ала алады, ал төлем бір жарым жыл бойы төленеді. Мұндай мүмкіндік ата-ананың денсаулығын қалпына келтіруіне, балаға күтім жасауына және онымен берік эмоциялық байланыс орнатуына жағдай туғызады.
Салыстыру үшін Ұлыбританияда демалыстың жалпы ұзақтығы 52 апта болғанымен, төлем тек 39 аптаға беріледі. Америка Құрама Штаттарында федералдық заң бойынша 12 аптаға дейін демалыс қарастырылған және оған көп жағдайда ақы төленбейді. Швейцарияда босанғаннан кейін 14 апталық ақылы демалыс беріледі, алайда бала күтіміне арналған ұзақ демалыс заңда көзделмеген.
Осы көрсеткіштермен салыстырғанда Қазақстанның үлгісі дамыған және дамушы мемлекеттер арасындағы ең ұзақ әрі әлеуметтік бағытталған жүйелердің біріне жатады. Ата-анаға берілетін уақыттың маңызын тек ақшамен өлшеу мүмкін емес. Ол баланың өмірінің алғашқы кезеңінде отбасының бірге болуына мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік қолдау тиімділігі жайында тарқатып айтсаңыз.
Заң ата-аналардың еңбек құқықтарын да қорғайды. Жүктілік пен ана болу жұмысқа қабылдаудан бас тартуға немесе жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды, ал бала күтіміне байланысты демалысты анамен қатар әке де рәсімдей алады. Үш жасқа толмаған баланың ата-анасы өтініш білдірсе, жұмыс беруші оған толық емес жұмыс күнін белгілеуге міндетті.
Аталған шаралардың барлығы қазір жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан, біз қабылданған шешімдердің нәтижелілігін тұрақты түрде бақылап келеміз. Қазір бала күтіміне байланысты үш жылдық демалыс үлгісінің тиімділігін бағалау өзекті болып отыр.
Балабақшалардың басым бөлігі балаларды екі жастан бастап қабылдайды. Сондықтан отбасыларды қолдаудың икемді тетіктерін қарастырып, демалыстың кейбір өлшемдерін қайта қарау қажеттілігі бар. Мұндай өзгерістер отбасының нақты сұранысы мен қалыптасқан әлеуметтік жағдайды ескеруге тиіс.
Ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру тәжірибесі де жеке талқылауды қажет етеді. Бала күтіміне арналған төлемді алушылардың жалпы санындағы ерлердің үлесі бір пайызға да жетпейді. Соңғы үш жылда ресми жұмысы бар әкелер арасындағы төлем алушылар саны 1434 адамнан 759 адамға дейін қысқарды.
Аталған шараның қаншалықты сұранысқа ие екенін және енгізілген кездегі мақсатына жеткен-жетпегенін объективті бағалау қажет. Бастапқыда норма әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтіп, ерлерді отбасылық өмірге белсенді тарту үшін енгізілген еді. Қазіргі көрсеткіштер оның нәтижелілігін қайта зерделеуге негіз береді.
Кез келген мемлекеттік шара бастапқы ниетімен емес, қол жеткізген нәтижесімен бағалануға тиіс. Егер тәжірибе норманың көзделген мақсатқа жетпейтінін және көбіне тікелей міндетінен тыс пайдаланылатынын көрсетсе, мемлекет мұндай шешімді қайта қарауға батылы жетуі керек. Менің жеке ұстанымым – аталған норманы алып тастау қажет.
Әлеуметтік қолдаудың әрбір шарасы мүмкіндіктер теңдігі қағидатына сай болуға тиіс. Сонымен бірге ол алға қойылған мақсатқа жету тұрғысынан нақты тиімділігін көрсетуі керек. Нәтиже бермейтін тетікке тек формалды себеппен қаржы бөле беру дұрыс емес.
– Бала дүниеге келгеннен кейінгі отбасылық қолдау жөнінде айттық. Көпбалалы отбасыларға қандай шаралар қарастырылған? Оларға төленетін жәрдемақы отбасының табысына тәуелді ме?
– Қазақстандық үлгінің ерекшелігі – көпбалалы отбасыларды қолдау мұқтаж адамдарға арналған атаулы көмек ретінде ғана қарастырылмайды. Ол көпбалалы ата-аналардың қоғам дамуына қосқан ерекше үлесін мойындаудың көрінісі саналады. Сондықтан көпбалалы отбасыларға жәрдемақы табыс деңгейіне қарамастан тағайындалады.
Қазір мұндай төлемді 634 мыңнан астам отбасы алады. Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты есептеледі. Төрт баласы бар отбасыларға айына 69 мың теңгеден төленсе, сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларда әр балаға жеке есеп жүргізіледі.
Қаржылай қолдаумен қатар тұрғын үймен қамту, мектепке дейінгі білімге қол жеткізу және мемлекеттік қызмет алу бағытында да шаралар қарастырылған. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алқаларымен, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған және «Батыр ана» атағын иеленген аналарға да ерекше назар аударылады. Олар табыс деңгейіне қарамастан ай сайын 27 мыңнан 32 мың теңгеге дейін мемлекеттік жәрдемақы алады.
Жыл басынан бері 249 мыңға жуық әйелге осындай қолдау көрсетілді. Оларға төленген қаржының жалпы көлемі 36,6 миллиард теңгені құрады. Алайда мәселе тек материалдық көмекте емес екенін түсіну маңызды.
Мұндай қолдау бірнеше баланы тәрбиелеп, елдің болашағына үлес қосып жүрген ата-аналардың еңбегін қоғамдық тұрғыдан мойындауды білдіреді. Көпбалалы отбасылардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі айрықша. Мемлекет осы үлесті әлеуметтік қолдау жүйесі арқылы бағалап отыр.
– Өмірлік жағдайы мен денсаулығына қарамастан, барлық баланың дамуына тең мүмкіндік беру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Мемлекеттік қолдау қандай бағыттарды қамтиды? Инклюзивті орта қалыптастыруда қандай нәтижелер бар?
– Бұл өте маңызды бағыт. Біздің міндетіміз қиын жағдайға тап болған отбасының күнкөрісіне ғана көмектесу емес, әр балаға тең бастапқы мүмкіндік беруге барынша жағдай жасау. Бала білім алып, дамып, цифрлық білім ресурстарын пайдаланып, спортпен айналысып, өз әлеуетін аша алуға тиіс.
Сондықтан мемлекеттік қолдау жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Негізгі бағыттардың бірі – әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы оқушыларды толық қамтитын Жалпыға міндетті білім беру қоры. Қазіргі оқу жылында қор арқылы 500 мыңға жуық балаға көмек көрсетілді.
Мектеп формасын, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға 21 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Балалардың демалысы мен сауықтыру шараларын ұйымдастыруға да ерекше көңіл аударылады. Биыл жазда 3,2 миллион баланы түрлі жұмыспен және демалыс түрлерімен қамту жоспарланған.
Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан 500 мыңға жуық бала бар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар 52 мыңнан астам бала да жазғы шаралармен қамтылады. Осылайша, қолдау баланың отбасылық жағдайы мен денсаулық ерекшелігіне қарамастан көрсетіледі.
Тағы бір жеке бағыт – инклюзивті білім беруді дамыту. Қазір Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Олардың 138 мыңнан астамы қатарластарымен бірге білім алып жүр, ал мектептердің 95 пайыздан астамында инклюзивті оқытуға жағдай жасалған.
Қазір тек инфрақұрылым салумен шектелу жеткіліксіз. Балаға күн сайын тұрақты қолдау қажет. Инклюзия дегеніміз – білікті педагогтер, психологтер және әр балаға жеке назар аудару.
Осы мақсатта ел бойынша 100 балаларды оңалту орталығы және үш жасқа дейінгі балаларға арналған 20 ерте араласу орталығы жұмыс істейді. 213 мыңнан астам бала психологиялық-педагогикалық көмек алып отыр. Мектептерде шамамен 6,5 мың педагог-ассистент пен жеке көмекші қызмет атқарады.
Ең маңызды өзгеріс сандарда емес, қоғамның көзқарасында жатыр. Осыдан он жыл бұрын инклюзия қалыпты құбылыстан гөрі ерекшелік ретінде қабылданатын. Қазір ол қоғамдық өмірдің нормасына айналып келеді.
Әр баланың дамуға, қолдауға және лайықты болашаққа құқығы бар. Осы құқықты күнделікті өмірде қамтамасыз ету – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Меніңше, инклюзияға деген көзқарастың өзгеруі қоғам мен әлеуметтік мемлекеттің кемелденуін көрсететін негізгі өлшем саналады.
– Қазақстанның заманауи әлеуметтік саясатының басты қағидатын қысқаша қалай тұжырымдар едіңіз? Қазіргі модельдің бұрынғы тәсілден айырмашылығы неде? Мемлекет алдағы уақытта қандай бағытқа басымдық береді?
– Қысқаша айтқанда, көмек көрсету саясатынан мүмкіндік жасау саясатына көшу жүріп жатыр. Мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды бұрынғыдай қолдай береді. Алайда стратегиялық міндет әлдеқайда ауқымды және мұндай жағдайлардың азаюына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды көздейді.
Сондықтан назар тек төлемге емес, отбасыға, білімге, денсаулық сақтауға, жұмыспен қамтуға, балалардың құқықтарын қорғауға және адами капиталды дамытуға аударылады. Қазір елімізде әлеуметтік төлемнің 41 түрі бар. Кейбір қолдау түрлерін атаулы тәсілді қолдану арқылы оңтайландыруға болады.
Әлеуметтік көмектің түрлерін біріздендіру жұмысы өңірлік деңгейде де жүргізіліп жатыр. Өйткені әлеуметтік саясат тек жәрдемақы төлеуден тұрмайды. Инфрақұрылымға, мамандар даярлауға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне де қомақты ресурс бағытталады.
Аталған шығындардың барлығы азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасына салынатын ауқымды инвестиция саналады. Біздің міндетіміз – жауапкершілігі жоғары және дербес әрекет ете алатын азаматтар қоғамын қалыптастыру. Әр адамның әлеуетін тұрақты қамқорлық арқылы емес, дамуға, еңбек етуге және тұлғалық өсуге мүмкіндік жасау арқылы жүзеге асыру маңызды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саясаттың дәл осындай философиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Оның негізінде елдің басты стратегиялық ресурсы саналатын адами капиталды дамыту қағидаты жатыр. Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және жаңа әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық беріледі.
Аталған қағидаттар әділетті әлеуметтік мемлекет құру бағытын бекіткен жаңа Конституциядан да көрініс тапты. Мұндай мемлекетте әр азаматқа білім алуға, денсаулығын қорғауға, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруға және лайықты өмір сүруге тең мүмкіндік берілуге тиіс. Мемлекеттік қолдау да барынша атаулы сипат алып, ең алдымен оған шын мұқтаж адамдарға бағытталуы қажет.
Түптеп келгенде, әлеуметтік саясат адамның өмірінің әр кезеңінде өз әлеуетін ашуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды білдіреді. Мұндай тәсіл адами капиталды нығайтып, елдің бәсекеге қабілетін арттыруға және алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуды қамтамасыз етуге жол ашады. Қазақстан дәйекті түрде жүзеге асырып отырған әлеуметтік мемлекеттің мәні де осында.
– Аида Ғалымқызы, сұхбатыңызға рақмет!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







