Алматы мәслихаты коммуналдық арнайы тұрақтарға жеткізілген көліктерді эвакуациялау және уақытша сақтау ақысын төлеудің бірыңғай тәртібін мақұлдады. Жаңа тариф бойынша айыптұрақтың тәуліктік құны көлік түріне қарай 4,3 мыңнан 34,6 мың теңгеге дейін барады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Көлікті эвакуатормен арнайы тұраққа жеткізу қызметі үшін шамамен 13 мың теңге төлеу қажет. Тариф мөлшері көлік құралының санатына қарай есептеледі. Ауыр әрі ірі техниканы сақтау ақысы жеңіл автомобильдерге қарағанда жоғары болады.
Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ержан Диханбаев жаңа тәртіптің барлық эвакуация жағдайына қолданылмайтынын түсіндірді. Төлем Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге ғана есептеледі. Демек, кез келген эвакуация автоматты түрде айыптұрақ ақысын төлеуге міндеттемейді.
Көлік иесі эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін машинасын алып кетсе, сақтау ақысы есептелмейді. Мұндай жағдайда азамат тек эвакуатор қызметінің құнын өтейді. Ал көлік тұрақта келесі күнге қалса, белгіленген тәуліктік тариф қолданылады.
Төлем мөлшерін есептеу кезінде эвакуаторларды пайдалану мен күтіп ұстау шығыстары ескерілген. Бұған арнайы тұрақтардың тәулік бойы күзетілуі, коммуналдық қызметтер және қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындары да кіреді. Билік бірыңғай тариф қызмет көрсету тәртібін ашық әрі түсінікті етуге тиіс екенін айтады.
Қазір Қазақстанда көлікті айыптұраққа жіберуге негіз болатын он беске жуық жағдай бар. Олардың барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 797-бабында көрсетілген. Сондықтан жүргізуші көлігін қандай негізбен әкеткенін және төлемнің қалай есептелгенін нақтылауға құқылы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







