Алматыда оңтүстік өңірден жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қала тұрғындарына ұсынылған өнім көлемі 500 тоннадан асады. Жәрмеңкеге ет, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері, балық және жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарының тауарлары шығарылған. Ең бастысы – өнімдер нарықтағы бағадан 15–20 пайызға арзан сатылып жатыр. Бұл қала халқы үшін сапалы әрі қолжетімді азық-түлік алуға мүмкіндік береді.
Шараның негізгі ерекшелігі – өнімнің тікелей өндірушіден сатылуы. Яғни делдалсыз жеткізілген ауыл өнімдері балғын күйінде ұсынылады. Осындай формат бір жағынан тұтынушыға тиімді болса, екінші жағынан шаруалар үшін де өз өнімін өткізуге қолайлы алаң қалыптастырады.
Жәрмеңке 27–28 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін өтеді. Өтетін орны – Алматы қаласындағы Панфилов және Қазыбек би көшелерінің қиылысы, Қазақстан-Британ техникалық университеті жанындағы саябақтың автотұрағы.
Осындай жәрмеңкелер қала мен ауыл арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Алматы тұрғындары үшін бұл – сапалы өнімді тиімді бағамен алудың, ал өңір шаруалары үшін өз еңбегінің нәтижесін өткізуге берілген нақты мүмкіндік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







