Жақында Алматы қалалық прокуратурасы биылғы жылдың 29 наурызында «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін өлімше етіп сабап, көлікпен бірнеше рет басқан қылмыскерге қатысты істің тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Марқұмның жақындары бұған наразылығын білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.
Құзырлы органның мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу 29 наурыз күні басталғанымен, артынша іс тоқтатылған.
«Қазір қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабының 7-бөлігінің 4-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.
Көрсетілген бапқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған күдіктінің, айыпталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр сырқаты болған жағдайда тоқтатылады.
Еуразия арнасындағы «Көреміз» бағдарламасына келген марқұмның жақындары бұған наразы.
Осы сұмдық жағдайдың болғанына да бес айға жуық уақыт өтті. Десе де, марқұмның туыстары күдіктіге тағайындалған сот сараптамасына күмәнмен қарайды.
«Рентген суретін көрген кезде өте қорқынышты болды. Сүйектерінің барлығы қирап қалған. Аяқтарын тек қана бұлшық еттері ұстап тұрды. Көрген кезде жағдайы өте ауыр болды», – дейді Нұрболды соңғы рет көрген Жоламан Жұмабекұлы.
Алты ай бойы тергеу жұмыстары жүргізілгенімен, әлі күдікті түрмеге қамалмаған. Оған қатысты қазір шизофрения диагнозы қойылып отыр.
Нұрболдың артында 2 ұл, 1 қызы қалды. Ол отбасын асырау үшін жұмыс таңдамаған. Күзетші соңғы қызметінде небәрі 150 мың теңге айлық алған.
«Нұрболды жерлеп жатқан кезде, адвокатпыз деп екі жігіт келді. Кешке қарай Нұрболды жерлеп біткеннен кейін бес адам – бір әйел мен төрт еркек келді. Кіші баламды алып кетіп сөйлеспек болғанда рұқсат бермедім. Келгендер өлтірген баланың әке-шешесі екен. Туысқандар болып барлығымыз сөйлестік. Анасы менімен сөйлесіп отырды. Тоғыз жыл бұрын қызы қайтыс болғанын, баласының ауырып қалғанын айтты. Оның екі қызы мен әйелі бар екенін де айтты. Ауырады, дерті бар демеді, қызым қайтыс болған соң, балам біртүрлі болып қалды деп айтты. Сізге ақша салайық, балаңыздың қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім», – дейді марқұмның анасы.
Басылым мәліметінше, осы іске күдікті деп танылып, психикалық ауытқуына байланысты ісі тоқтатылған адам – бұрынғы депутаттың ұлы.
Сонымен қатар, күдіктінің денсаулығына байланысты сараптама нәтижесі шыққан. Алдын ала қойылған диагноз бойынша, күдікті органикалық сандырақ (шизофрения тәрізді бұзылыс), тұлғаның дисоциалды бұзылысы және тұлғаның эмоционалды тұрақсыз бұзылысына шалдыққан.
Марқұмның анасы күдіктінің мұндай диагнозбен қалай көлік айдап жүргеніне аң-таң.