Бүгін Қазақстанда Аналар күні аталып өтіп жатыр. Биыл мереке 10 мамырға сәйкес келді. Аналар күні елімізде мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады. Бұған дейін бұл дата қыркүйек айында аталып өтетін. Алайда Үкіметтің 2023 жылғы 31 мамырдағы қаулысына сәйкес, мереке күні халықаралық тәжірибеге жақындатылып, мамырдың екінші жексенбісіне бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай дәстүр әлемнің 20-дан астам елінде бар. АҚШ, Канада, Германия, Италия, Түркия, Жапония, Бразилия және Аустралия сияқты мемлекеттер де Аналар күнін дәл осы уақытта атап өтеді.
Қазақстанда ана мәртебесін көтеру және отбасы институтын нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңесі құрылған. Қазір республика бойынша кеңестің 1 713 бөлімшесі жұмыс істейді. Оның ішінде 17 облыстық, 56 қалалық, 159 аудандық және 1 481 ауылдық бөлім бар. Кеңес құрамында 16 051 әйел қызмет атқарады.
2024 жылғы ұлттық баяндамаға сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі аналарға арналған мемлекеттік қолдау шараларынан хабардар. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны халықтың 81,3 пайызы біледі. Атаулы әлеуметтік көмек туралы 76,1 пайызы, жүктілік және босану демалысы туралы 73,5 пайызы, бала туғандағы біржолғы төлем туралы 71,4 пайызы хабардар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы бала туған кездегі біржолғы жәрдемақыны 338 мың адам алған. Бұл мақсатқа 61,1 млрд теңге бөлінді.
Жұмыс істейтін әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала 1,5 жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі. Ал жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.
Еңбек заңнамасы аясында аналарға қысқартылған жұмыс күні, ақылы үзіліс және толық емес жұмыс уақыты сияқты жеңілдіктер ұсынылады. Соңғы жылдары бала күтімі бойынша төлем мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылып, көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жаңа қолдау тетіктері енгізілді.
Аналар күні тек мерекелік құттықтаумен шектелмейді. Бұл күн ананың қоғамдағы орнын бағалап, оның өмір сапасын жақсарту туралы ойлануға мүмкіндік береді. Анаға жасалған қамқорлық отбасының беріктігіне, ал мықты отбасы елдің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







