Қазақстанда міндетті автосақтандыру құны жүргізушінің тәуекел деңгейіне қарай жеке есептеледі. 100 мың теңгеден асатын полис жаппай құбылыс емес, мұндай баға жол апатына бірнеше рет кінәлі болған жүргізушілерге ғана қолданылуы мүмкін, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылы автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисінің орташа бағасы 23 870 теңгені құрайды.
Қорытынды сомаға 1,9 айлық есептік көрсеткішке тең базалық сыйақы, жүргізушінің жасы мен тәжірибесі, көлік түрі, пайдалану мерзімі, тіркелген өңірі және «бонус-малус» жүйесіндегі сақтандыру тарихы әсер етеді. 2026 жылы базалық сыйақы 8 217,5 теңге болып белгіленген.
Ең қымбат полис көбіне «бонус-малус» жүйесіндегі ең төменгі М2 санатына түскен жүргізушілерге рәсімделеді. Аталған топтағы сақтандырудың орташа құны шамамен 92 мың теңгеге жетеді. М2 санаты бірнеше рет жол апатына кінәлі болған немесе адам өліміне әкелген апат жасаған азаматтарға беріледі.
Агенттік мәліметінше, 100 мың теңгеден жоғары сақтандыру құны сирек кездеседі. Мұндай жағдайда жүргізушінің апаттылық тарихымен қатар өңірлік коэффициент, көлік сипаты және полиске енгізілген өзге адамдардың тәуекелі де есепке алынады.
2026 жылы сақтандыру бағасының өсуіне бірнеше фактор ықпал еткен. Айлық есептік көрсеткіш 10 пайызға ұлғайып, базалық сыйақыны көтерді. Сонымен бірге міндетті автосақтандырудың шығындылығы артқандықтан, өңірлік коэффициенттер орта есеппен тағы 4 пайызға өсті.
Соның нәтижесінде полистің орташа бағасы 2025 жылғы 20 974 теңгеден биыл 23 870 теңгеге дейін көтерілді. Жылдық өсім шамамен 14 пайызды құрады.
Ал көлік жүргізуді енді бастаған азаматтарға қойылатын талап жеңілдетілген. 2026 жылдың басынан алғаш рет сақтандыру рәсімдейтін жүргізушілердің коэффициенті 1,8-ден 1,2-ге дейін төмендетілді. Соның арқасында аталған санаттағы полис құны шамамен бір жарым есе арзандады.
Тарифтердің қайта қаралуына жол апаты саны мен сақтандыру төлемінің өсуі себеп болған. 2025 жылы төлем саны 21 пайызға көбейіп, жалпы көлемі 106 миллиард теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 32 пайызды құрады.
Міндетті автосақтандырудың шығындылық деңгейі 107 пайызға жеткен. Яғни сақтандыру компаниялары осы бағытта жинаған қаражатынан көбірек төлем жасаған.
Қазір агенттік «бонус-малус» жүйесі мен коэффициенттерді есептеу тәртібіне жаңа өзгеріс әзірлеп жатыр. Алдын ала есеп бойынша полистің орташа құны 28 130 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Алайда түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







