Қазақстанның Энергетика министрлігі NCOC компаниясына салынған 2,3 триллион теңгелік экологиялық айыппұлды өндіріп алуға халықаралық арбитраждың уақытша шарасы кедергі келтірмейді деп мәлімдеді. Ведомство айыппұл Қазақстан соттарының заңды күшіне енген шешіміне негізделгенін атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан халықаралық құқық қағидаттарын ұстанып, шетелдік инвестицияны қорғауға қатысты міндеттемелерін адал орындап келеді. Сонымен бірге инвесторлар ел аумағында әрекет еткен кезде ұлттық заңнама талаптарын сақтауға міндетті.
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясына салынған айыппұл күкіртті белгіленген көлемнен артық сақтауға байланысты экологиялық талаптың бұзылуынан туындаған. Ведомство айыппұлдың негізділігі мен заңдылығы Қазақстан соттарының шешімдерімен расталғанын жеткізді.
2026 жылғы 19 маусымда Атырау облыстық соты төменгі сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырды. Соған сәйкес Атырау облысы бойынша Экология департаменті салған экологиялық айыппұл заңды деп танылған.
Сот актісі заңды күшіне енді. NCOC айыппұлды 2026 жылғы 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеуге тиіс. Міндеттеме орындалмаған жағдайда компания мен оның мердігерлеріне қатысты мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылуы мүмкін.
Атқарушылық іс жүргізу кезінде өндірілген соманың 10 пайызы көлемінде қосымша санкция ұстау да қарастырылған. Энергетика министрлігі мемлекеттік органдар заңды күшіне енген сот актісін орындауға міндетті екенін атап өтті.
Ведомство NCOC таратқан мәлімдемедегі халықаралық арбитраждың аралық ұйғарымына берілген құқықтық бағамен келіспейтінін жеткізді. Компания ЮНСИТРАЛ ережелері бойынша құрылған трибунал айыппұлды өндіріп алуға уақытша тыйым салды деп хабарлаған еді.
Министрліктің түсіндіруінше, ЮНСИТРАЛ аясындағы іс инвестициялық арбитражға емес, коммерциялық арбитражға жатады. Сондықтан трибуналдың өкілеттігі жеке құқықтық сипаттағы коммерциялық дауды қараумен шектеледі.
Коммерциялық арбитраж мемлекеттің егеменді өкілеттігіне араласа алмайды. Оған экологиялық заңнаманы қолдану, құқық бұзушылық үшін жауапкершілік белгілеу және сот шешімін орындау секілді жария-құқықтық әрекеттер кіреді.
Шетелдік коммерциялық арбитраж қабылдаған қамтамасыз ету шарасы Қазақстан аумағында автоматты түрде күшіне енбейді. 1958 жылғы Нью-Йорк конвенциясына сәйкес, арбитраж шешімін тану және орындау сол мемлекеттегі процессуалдық тәртіппен жүргізіледі.
Қазақстан заңнамасы шетелдік арбитраж шешімін ел соттары арқылы тануды және орындауды талап етеді. Министрлік қазіргі жағдайда түпкілікті арбитраж шешімі емес, аралық қамтамасыз ету шарасы туралы сөз болып отырғанына назар аударды.
ЮНСИТРАЛ-дың халықаралық коммерциялық арбитраж туралы үлгілік заңы да осындай тәртіпті қарастырады. Қамтамасыз ету шарасын тану мен орындау мәселесін ұлттық заңнамаға сәйкес құзыретті сот шешуге тиіс.
Шетелдік ұйғарым, ұлттық үкім
Ведомство айыппұлды өндіріп алу мемлекеттің экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған егеменді реттеуші өкілеттігіне жататынын мәлімдеді. Мемлекеттік органдар заңды күшіне енген сот актілерін орындап, экологиялық құқық бұзушылық үшін белгіленген жауапкершілік шараларын қолдануға міндетті.
Сот шешімін заңда көзделмеген негізбен тоқтату ұлттық заңнама талаптарына қайшы келеді. Экологиялық нормалар қоршаған ортаны, халық денсаулығын және өзге де қоғамдық мүддені қорғауға бағытталған.
Министрліктің ұстанымынша, экологиялық құқық бұзушылық үшін санкция қолдану жария құқық саласына жатады. Мұндай өкілеттік жеке құқықтық дауды қарайтын коммерциялық арбитраж шешімімен шектелмеуге тиіс.
Шетелдік арбитраждың қамтамасыз ету шарасы Қазақстан заңнамасының императивті нормаларынан жоғары тұрмайды. Ол экологиялық айыппұлды өндіріп алу туралы күшіне енген сот актісінің орындалуына кедергі келтірмейді.
Қазақстан алдағы әрекетін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң талаптарына сай жүргізеді. Мемлекеттік органдар сот актілерін орындаудың белгіленген тәртібін елемеуге немесе заңда көрсетілген рәсімді айналып өтуге құқылы емес.
Энергетика министрлігі NCOC-тің жалғасып жатқан арбитраждық іс жөніндегі мәліметтерді жариялауына да алаңдаушылық білдірді. Компания өз хабарламасында трибуналдың қамтамасыз ету ұйғарымы туралы ақпаратты ашық таратқан.
Ведомство мұндай қадам халықаралық арбитраждың құпия сипатына сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Министрліктің бағалауынша, қаралып жатқан істің елеулі деректерін жария ету дауды тиісті тәртіппен жүргізуге ықпал етпейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







