Президент Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдап, аймақтың экономикалық тынысын саралады. Өңір басшысы өткен жылдың қорытындысы мен биылғы төрт айдың негізгі көрсеткішін алға тартты деп жазады Ertenmedia.kz.
Былтыр облыстың жалпы өнімі 3,9 триллион теңгеге жетсе, биылғы қарқын да ширақ. Қаңтар-сәуір айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8 пайызды көрсетіп, инвестиция ағыны 19,4 пайызға артқан. Өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында тұрақты өсім байқалады.
«Әзір негізгі екпінді ірі капиталды тартуға қойып отырмыз. Нәтижесінде инвестициялық пул құрамындағы жоба саны 29-дан 112-ге дейін артып, күтілетін қаржы көлемі 4,4 триллион теңгеге жетті», — деді бұл тұста әкім Уәли.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде құны 577,5 миллиард теңгелік «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы ерекше маңызға ие. Семей қаласында бой көтеретін 714 миллиард теңгелік жаңа жылу электр орталығы мен 255 миллиард теңгелік тау-кен байыту комбинаты өндіріс қуатын еселей түспек.
Шаһарда құрылатын арнайы экономикалық аймақ 2500 жаңа жұмыс орнын ашып, 400 миллиард теңгенің өндірістік жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде үш ірі нысан бойынша нақты ұсыныс түскен.
Алакөлдің инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл жағалауды жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 11,6 миллиард теңге Үржар әуежайының терминалын жаңартуға және электр желісін тартуға жұмсалмақ.
Облыс әкімінің есебін тыңдаған Тоқаев өңір экономикасын әртараптандыру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бойынша нақты міндет жүктеп, алдағы «Абайға құрмет» ауқымды акциясын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







