Павлодар облысында өткен азаматтарды қабылдау барысында нысандардың қауіпсіздігі, жергілікті қоғамдастықтың жұмысы, қараусыз қалған ғимараттарды пайдалану және инженерлік коммуникацияларға қосылу мәселелері қаралды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тұрғындардың бірі Павлодар қаласындағы «Центральный» гараж-тұтыну кооперативі аумағына көліктердің кіріп-шығуына қатысты мәселе көтерді. Жауапты органдарға кооператив иелерімен кездесу өткізіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою және аумақтағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
Мұндай мәселелерді шешуде «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау маңызды. Қоғамдық кеңістіктегі кез келген нысан белгіленген талапқа сай жұмыс істеп, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуі керек. Заң талаптарының орындалуы тек мемлекеттік органға емес, меншік иелері мен жергілікті қоғамдастыққа да ортақ жауапкершілік жүктейді.
Қаратерек ауылының тұрғыны дене шынықтыру-спорт кешенін білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Қазір пилоттық жоба аясында екі колледжде дуальды оқыту енгізілген. Облыс әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту, ауылдық жерлерге жаттықтырушы даярлау және жас мамандарды жұмысқа тарту ісін жалғастыруды тапсырды.
Қабылдауда Қаратерек ауылындағы жергілікті қоғамдастықтың қызметі мен қараусыз қалған екі ғимараттың жағдайы да талқыланды. Май ауданының әкімдігіне нысандардың техникалық жай-күйін зерделеп, оларды тиімді пайдалану жөнінде нақты ұсыныс әзірлеу міндеттелді.
Көтерілген өтініштердің барлығы бақылауға алынды. Жауапты мекемелер қабылданған шешімдердің орындалуы туралы тұрғындарға белгіленген мерзімде жауап беруге тиіс.
Жеке қабылдауға eGov. kz, E-otinish. kz порталдары немесе әкімдіктің +7 702 166 16 61 WhatsApp нөмірі арқылы жазылуға болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







