Сарапшы Ғазиз Әбішев Каспийдегі қайғылы оқиғаның коммуникациялық қырына назар аударды. Оның айтуынша, алғашқы күндері ақпараттық бастамадан айырылған мемлекет алтыншы күнге қарай қоғамдық күн тәртібін өзгерте алды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
24-25 қыркүйекте қоғам қанша адамның қаза тапқанын, кімнің табылғанын және құтқару жұмыстарының қалай жүріп жатқанын білгісі келді. Алайда әскери ведомство жедел әрі түсінікті байланыс орната алмады. Ақпараттың кешігуі мен жауапты басшылардың үнсіздігі дағдарысты тереңдете түсті.
Әбішевтің сөзінше, 26 қыркүйекте жұрт «не болды?» деген сауалдан «неге болды?» және «кім жауап береді?» деген мәселеге көшті. Әскердегі қауіпсіздік, басқару жүйесі мен командирлердің жауапкершілігі талқылана бастады. Осы сәттен бастап қоғамдық пікірдің мазмұны өзгерді.
27 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев трагедияны әскердегі жүйелі кемшіліктермен байланыстырып, Қорғаныс министрлігінің басшылығын ауыстырды. Сонымен бірге он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Кадр іріктеу, қорғаныс шығыны, цифрландыру және сарбаздардың қауіпсіздігі негізгі бағыт ретінде белгіленді.
Сарапшының ойынша, осы шешімдер билікке ақпараттық бастаманы қайтарды. 29 қыркүйекке қарай іздеу аяқталып, отбасыларға көмек көрсетілді, күдіктілер анықталып, қылмыстық тергеу жалғасты. Мемлекет қорғанушы позициядан күн тәртібін қалыптастырушы тарапқа көшті.
Дегенмен коммуникациялық басымдық барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Қоғам тергеудің ашықтығын, кінәлілердің жазалануын және армиядағы нақты өзгерісті күтеді. Әбішевтің айтуынша, Ақорда бастаманы сақтап қалу үшін президент тапсырмаларының орындалуын тұрақты түрде көрсетуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







