Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бір адамға шаққандағы су тұтыну көлемі азая бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар үш қалада халық саны өсіп жатқанына қарамастан, тұрғындардың орташа су тұтынуы төмендеген.
2024 жылы Астанада бір тұрғын жылына орта есеппен 70,9 текше метр су пайдаланған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 67,8 текше метрге дейін азайды.
Алматыда да осындай үрдіс байқалады. Бір адамға шаққандағы су тұтыну көлемі жылына 73,3 текше метрден 69,1 текше метрге дейін қысқарды.
Шымкентте көрсеткіш 63,7 текше метрден 62,5 текше метрге төмендеген.
Министрлік мұны су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанымен байланыстырады. Сонымен қатар азаматтардың суды үнемдеудің маңызы туралы хабардарлығы артып келеді.
Осы бағытта министрлік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қоғамда суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін тұрмыстық жағдайда суды үнемдеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленген.
Бұл ұсынымдар қамтылған ақпараттық материалдар 145 нысанда орналастырылды. Олардың қатарында 18 әуежай, 22 теміржол вокзалы, 20 автовокзал, 75 сауда-ойын-сауық орталығы және 10 білім беру ұйымы бар.
Ақпараттық жұмыс республикалық маңызы бар үш қалада, 17 облыс орталығында және облыстық маңызы бар үш қалада жүргізілді.
Балалар мен жастар арасында суға ұқыпты қарау дағдысын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта «Суды үнемде – болашақты сақта» атты жоба іске асырылуда.
Жоба аясында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында ашық сабақтар мен экосағаттар өткізіліп келеді. Оларға Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары және Парламент депутаттары қатысқан.
Былтырдан бері бұл бастама 3,3 миллионнан астам білім алушыны қамтыды. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.
«Жыл соңына дейін бірқатар жаңа бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында педагогтерге арналған әдістемелік ресурсты әзірлеу және суды үнемдеу мәселелеріне арналған ата-аналардың республикалық форумын өткізу бар», деді ол.
Министрлік суды үнемдеу тек коммуналдық қызметтердің немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтеді. Бұл әр отбасының, әр тұрғынның күнделікті әдетіне айналуы тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, ірі қалалардағы тұтыну көлемінің азаюы жақсы белгі. Алайда елдегі су тапшылығы тәуекелін ескерсек, мұндай мәдениетті тұрақты дағдыға айналдыру маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







