Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, жаңа ұйым ресми жұмысын бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат пен партия жақтастары қатысты. Құрылтай барысында жаңа саяси бірлестік құру, оның атауын бекіту, жарғысы мен бағдарламасын қабылдау, басшылық және бақылау органдарын сайлау мәселелері қаралды.
Съезге қатысқан 931 делегат «Әділет» партиясын құру туралы шешімді қолдады. Сонымен қатар партияның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми атауы бекітілді. Ұйым өкілдері барлық рәсім «Саяси партиялар туралы» заң талаптарына сәйкес өткенін мәлімдеді.
Делегаттардың шешімімен партия төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды. Ол бұл сенімді үлкен жауапкершілік ретінде қабылдайтынын айтып, партия жұмысы ашықтық, адалдық және қоғам алдындағы есептілік қағидатына сүйенетінін жеткізді.
Құрылтайда партияның саяси кеңесі де таныстырылды. Оның құрамына 30 адам енді. Партия бастамашылары ұйым жұмысына ел дамуына бейжай қарамайтын, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтар тартылатынын айтты.
Жарғы партияның негізгі жұмыс тәртібін айқындайтын құжат ретінде қабылданды. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, бұл құжат партияның саяси жүйенің толыққанды қатысушысына айналуына, азаматтардың мүддесін қорғауына және мемлекеттік саясатқа ықпал етуіне мүмкіндік береді. Оның сөзінше, жарғының өзегінде ашықтық, жауапкершілік және азаматтардың қатысуы қағидаты жатыр.
«Әділет» партиясының бағдарламасында адами капиталды дамыту, заң үстемдігін күшейту, өңірлердің теңгерімді дамуы және әділетті қоғам құру негізгі басымдық ретінде көрсетілген. Партия әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық пен дамуды басты құндылық деп танытады.
Саясаттанушы Марат Шибұтов партия бағдарламасы әділдік идеологиясына және жаңа Конституция құндылықтарына сүйенетінін айтты. Оның пікірінше, ұйым өз жұмысын нақты әрекетке, институционалдық қағидаттарға және қоғамдық жауапкершілікке негіздемек.
Адами капитал мен заң үстемдігі
Айбек Дәдебай съезде партияның идеологиялық бағытын таныстырып, ұйым заң үстемдігі мен тәртіп қағидатына сүйенетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, халықтың заңға деген сенімі мемлекеттің басты тірегі саналады. Сондықтан партия әділдікті тек ұран ретінде емес, күнделікті өмір мәдениетіне айналдыруды көздейді.
Жаңа саяси ұйым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдайтынын жария етті. Партия «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға, тиімді мемлекеттік институттарды қалыптастыруға, өңірлердің әлеуетін арттыруға және әділетті, бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға басымдық бермек.
Сонымен қатар партия адами капиталды күшейту, цифрлық мемлекетті жетілдіру, «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау, әлеуметтік ынтымақты арттыру және жаңа геосаяси этиканы қалыптастыру бағытында жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Партияның жетекші тобының мүшесі Ренат Бектұров «Әділет» өзін саяси текетірестің құралы ретінде емес, өз құндылығы мен бағдарламалық мақсаты бар ұйым ретінде көретінін айтты. Оның пікірінше, партия мүшелерінің көпшілігі Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде қалыптасқан жаңа буын өкілдері.
«Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы партия қоғамдағы өзгеріске деген сұранысқа жауап беретінін атап өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – әр азамат өз өмірінде әділеттілікті сезінетін орта қалыптастыру.
Партия бастамашыларының бірі Талант Омарбеков «Әділетті» құруға 700 адам бастамашы болғанын айтты. Қысқа уақыт ішінде партияға 9 мыңнан астам адам тіркелген. Оның айтуынша, ұйымға қызығушылық танытып отырғандардың басым бөлігі – жастар. Олар үшін партия әлеуметтік лифт пен жаңа саяси мүмкіндік алаңы болмақ.
Осылайша, «Әділет» партиясы Қазақстанның саяси кеңістігіне заң үстемдігі, жауапкершілік, әділдік және қоғамдық диалог ұғымдарын алға шығаратын жаңа ұйым ретінде кіріп отыр. Ендігі мәселе – құрылтайда айтылған ұстанымдардың нақты саяси тәжірибеге қалай айналатынында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







