Алматыда алаяқтық бабымен 5,5 жылға сотталған адвокат Қайсар Жұмағалиевтің ісінде экс-спикер Нұрлан Нығматулин мен атышулы Қайрат Сатыбалдының есімі аталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық істің деректеріне қарағанда, Жұмағалиев 2016 жылы Балқаш қаласының кәсіпкері Қуат Сұлтанбековті түрмеден шығаруға уәде беріп, 300 мың доллар сұраған.
Кәсіпкердің туыстары істің артында ағайынды Нығматулиндердің мүддесі тұр деп қауіптенген соң, адвокат өзінің Қайрат Сатыбалдымен достық қарым-қатынасы бар екенін алға тартып, мәселені оңай шешетінін жеткізген.
Жұмағалиев әуелі кәсіпкерді Шығыс Қазақстандағы колониядан Алматы облысына ауыстыруды, одан кейін істі толық тоқтатуды ұйымдастыратынына сендірген. Осы үшін төленетін 300 мың доллар екі бөлікке бөлініп, адвокат алғашқы 150 мың долларды 2016 жылдың қазанында қолына алған.
Бірақ берген уәдесі іске аспаған…
Сұлтанбеков ақшаны бергеннен кейін жеті жылдан соң ғана, 2023 жылы Жоғарғы соттың шешімімен ақталған. Ал ақша алған адвокаттың өзіне алаяқтық үшін үкім шығып, бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылдың наурызында шетелге кетпек болған кезде ұсталған еді. Сол жылдың қыркүйегінде сот үкімімен «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығы» компанияларына миллиардтаған шығын келтіргені үшін алты жылға сотталды, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне 10 жылға тыйым салынды.
2023 жылғы желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке заңсыз шығарылған 55 миллиард теңгеден астам қаражатты қайтарды. Қазір де Антикор Сатыбалдыұлына қатысты тергеуді жалғастырып, оның заңсыз активтерін елге қайтару шараларын жүргізіп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

