Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазір мамандар оң бағасын беріп отыр. Бұл болашақтың қажеттілігі. Қазір бүкіл әлем атом энергетикасына бет бұрып жатыр. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз. Сондықтан, АЭС салу – орынды шешім деп санаймын», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Журналистің «Ресей салса, тәуелділік күшеймей ме?» деген сұрағына депутат бұл мәселе бойынша алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтты.
«Бұл жерде саяси шешімді Президент пен басқа да жауапты тұлғалар қабылдайды. Сондықтан алаңдайтын ештеңе жоқ. Қайткен күнде де шешім қабылдайтын уақыт келді. Мұнай мен көмірдің қоры да шексіз емес», – деді Назаров.
Депутат АЭС-ке қатысты қауіп-қатер туралы сұраққа да жауап берді.
«Техникалық апат кез келген салада болуы мүмкін. Әрине, Құдай сақтасын. Бірақ, елімді сүйетін адам ретінде менің тілейтінім – ел игілігі. Мемлекет үшін пайдалы болса, мен қолдауға дайынмын», – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум 6 қазанға белгіленген. Бұған дейін энергетика маманы Марат Есекин Ertenmedia-ға берген сұхбатында «Қазақстанға атом электр станциясын салу – өмірлік маңызды қажеттілік» екенін айтқан еді.
Бұған дейін депутат қазақтарға арақ сатуға тыйым салуды ұсынған болатын.

