Қазақстанда биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайып, интернет-алаяқтардан зардап шеккендерге 6,5 миллиард теңге қайтарылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, еліміздегі құқықтық тәртіп пен криминогендік ахуал туралы есебін тыңдады. Ведомство басшысы елде қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендегенін, сондай-ақ халықаралық іздеуде жүрген 154 күдіктінің шетелде ұсталғанын баяндады.
Қылмыс динамикасы және бұрынғы істерді ашу
Министрдің айтуынша, қоғамдық орындар мен көшелердегі құқық бұзушылықтар, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылық, жасөспірімдер мен бұрын сотталғандар арасындағы қылмыс деңгейі айтарлықтай кеміген. Сонымен қатар полиция өткен жылдары жасалған 2,5 мыңнан аса қылмыстың бетін ашты. Мұндай нәтижеге заманауи криминалистикалық құралдар, әсіресе ДНҚ зерттеулері мүмкіндік берген.
Қоғамда заң бұзушылыққа төзбеушілік дағдысы қалыптасып, тұрғындар да полицияға белсенді көмек көрсетуде. Азаматтар мен волонтерлердің берген ақпараты негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылды.
Интернет-алаяқтықпен күрес және қайтарылған миллиардтар
Тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша жәбірленушілерге 49 миллиард теңге өндіріліп, келтірілген шығынды қайтару көрсеткіші 22,5 пайызға артты. Осы қаражаттың 6,5 миллиард теңгеден астамы интернет-алаяқтардың құрбаны болған азаматтарға қайтарылды.
Киберқылмыспен күрес шаралары желідегі алаяқтық деректерін 21 пайызға қысқартты. Құқық қорғаушылар 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайтты бұғаттап, күдікті деп танылған 187 миллион телефон қоңырауының алдын алды.
Шетелдегі қашқындар мен цифрлық бақылау
Жазадан жалтармақ болған қылмыскерлерді іздестіру жұмыстары да нәтиже берді. Жыл басынан бері іздеуде жүрген 1039 адамның жүрген жері анықталып, шет мемлекеттердің аумағында жасырынған 154 күдікті ұсталды. Ал шет елдердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер құрықталды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін цифрлық бейнебақылау желісі арқылы іздеудегі 2,2 мыңнан астам адам анықталды. Жол қауіпсіздігі бағытында да оң көрсеткіштер бар: жол апаттары 5 пайызға, ал қайғылы оқиғалардан көз жұмғандар саны 16 пайызға қысқарды.
Кездесу қорытындысында Президент Тоқаев құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін одан әрі күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







