Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын ресми жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әбу-Даби бұл шешім бүгіннен бастап күшіне енеді. Ресми түсіндірмеде мұндай қадам елдің ұзақмерзімді экономикалық стратегиясымен, ішкі энергия өндірісіне салынған инвестициямен және жаһандық нарықтағы икемді саясат ұстану ниетімен байланыстырылған.
Әмірлік ОПЕК құрамына 1967 жылы Әбу-Даби әмірлігі арқылы кірген. Кейін 1971 жылы Біріккен Араб Әмірліктері құрылған соң ұйымдағы мүшелігін жалғастырды. Енді алпыс жылға жуық созылған мұнай дипломатиясындағы бір кезең аяқталып отыр.
Мұнай нарығында мұндай шешім жай ғана техникалық өзгеріс саналмайды. ОПЕК пен ОПЕК+ соңғы жылдары әлемдік бағаға ықпал ету үшін өндіріс көлемін шектеу, квота белгілеу және ірі өндірушілер арасындағы тепе-теңдікті сақтау тетігіне сүйеніп келді.
Әмірлік осы жүйеден шыққан соң, өндірісті өз ұлттық мүддесіне сай реттеуге көбірек мүмкіндік алады. Ресми Әбу-Даби қосымша өндірісті нарыққа бірден емес, сұраныс пен жағдайға қарай біртіндеп шығаратынын айтты.
Алайда саяси сигнал түсінікті, БАӘ енді өз мұнайын біреудің квотасына қарап емес, өз есебіне қарап сатуға ұмтылады.
БАӘ еркіндікке ұмтылды
Associated Press дерегінше, БАӘ ОПЕК-тегі үшінші ірі өндірушінің бірі саналды. Ел соғысқа дейін тәулігіне шамамен 3, 4 млн баррель мұнай өндірген, ал сарапшылар оның өндірістік әлеуеті 5 млн баррельге жуықтайтынын айтады.
Демек, мәселе тек ұйымнан шығуда емес, нарыққа қосымша көлем әкелу мүмкіндігінде жатыр. ОПЕК үшін ең қауіпті тұс та осы. Ұйымнан қатардағы шағын өндіруші емес, тез арада өндірісті арттыра алатын ірі ойыншы кетіп барады.
Әмірлік шешімінің Ресейге жанама соққы болуы да осы жерден басталады. ОПЕК+ форматы Ресейге соңғы жылдары мұнай нарығында Сауд Арабиясы және Парсы шығанағы елдерімен бір үстел басында отырып, бағаға ықпал етуге мүмкіндік берген еді.
Мәскеу үшін бұл тек экономикалық алаң болған жоқ. Ол санкция жағдайында да өзін әлемдік энергетикалық архитектураның маңызды бөлігі ретінде көрсетуге тырысты.
Мұнай бағасы ертең бірден құлдырайды деп кесіп айтуға болмайды. Қазір нарыққа геосаяси тәуекел, Парсы шығанағындағы тұрақсыздық, Ормуз бұғазы маңындағы қауіп, Иран төңірегіндегі дағдарыс әсер етіп отыр.
AP дерегінше, БАӘ-нің ұйымнан шығуы нарыққа бірден соққы бермеуі мүмкін, себебі аймақтағы әскери-саяси ахуал жеткізілім логистикасын шектеп тұр. Бірақ ұзақ мерзімде ОПЕК ішіндегі босау, БАӘ-нің өндіріс еркіндігі және нарық үлесі үшін бәсеке мұнай бағасына төмен қысым түсіруі ықтимал.
Мұнай арзандаса, ең ауыр салмақ Ресей бюджетіне түседі. Кремльдің соғыс экономикасы энергия экспортына, салық түсіміне, мұнай-газ кірісіне сүйенеді.
Баға жоғары болған сайын Мәскеу санкцияны айналып өтіп, соғыс шығынын жабуға, әлеуметтік міндеттемені ұстап тұруға және әскери-өнеркәсіп кешенін қаржыландыруға көбірек мүмкіндік алады.
Баға төмендесе, сол жүйенің ішкі қысымы күшейеді. Ресей экономикасының «жұмсақ жері» дәл осы мұнай кірісінде жатыр деген пікірдің мәні осында.
Энергетикалық бүлік
1980-жылдардың екінші жартысында мұнай бағасының құлдырауына Сауд Арабиясы ықпал еткені есімізде. Brookings зерттеуінде 1985 жылдың тамызынан 1986 жылдың ортасына дейін ОПЕК өндірісі тәулігіне шамамен 4 млн баррельге артқаны, өсімнің жартысынан көбі Сауд Арабиясынан келгені есімізде.
1985-1986 жылдары мұнай нарығында болған оқиға Кеңес экономикасы үшін ауыр соққыға айналған еді. Anadolu дерегінше, 1985 жылдың қарашасынан 1986 жылдың наурызына дейін мұнай бағасы барреліне 31 доллардан 12 долларға дейін төмендеді.
Сол кезде ОПЕК ішіндегі алауыздық, жаңа өндірушілердің көбеюі, Солтүстік теңіз, Мексика, АҚШ және Кеңес мұнайы нарықтағы ұсынысты ұлғайтты. Сауд Арабиясы ұзақ уақыт бағаны ұстап тұру үшін өндірісті қысқартып келді. Бірақ басқа ойыншылар нарық үлесін алып жатқанын көрген соң, Эр-Рияд өз бағытын өзгертіп, арзан мұнай арқылы үлесін қайтаруға кірісті.
Тарих қайталана ма?
Кеңес одағына мұнай бағасының құлдырауы жалғыз себеп болған жоқ. Кеңестік жоспарлы экономика ішкі тоқырауға, әскери шығынға, технологиялық артта қалуға, Ауғанстандағы соғысқа және саяси дағдарысқа тап болды.
Бірақ мұнай бағасының төмендеуі сол ауыр дертті жеделдеткен факторға айналды. S&P Global сараптамасында 1980-жылдардағы мұнай дағдарысы Кеңес одағының 1991 жылғы күйреуіне тікелей үлес қосқан факторлардың бірі ретінде сипатталады.
Себебі төмен баға Мәскеудің қатты валютадағы экспорттық кірісін азайтып, резервті сарқуға және одақ ішіндегі тапшылықты күшейтуге алып келді.
Russia Matters талдауында да осы ой айтылады. Кеңес одағының басты мәселесі тек мұнайға тәуелділік болған жоқ, жоспарлы жүйенің өз ішкі әлсіздігі болды.
Бірақ мұнай бағасындағы құбылыс күйреудің уақытын анықтаған факторға айналды. Баға төмендегенде бюджет тапшылығы ұлғайып, сыртқы қарыз өсті, 1991 жылдың күзіне қарай Мәскеудің қаржылық тынысы тарылды.
Бүгінде сол ұқсастық қайталануда. Мұнай картелінің ішкі тәртібі бұзылған кезде, нарықтағы баға саяси қаруға айналуы мүмкін.
1980-жылдары Сауд Арабиясы нарық үлесін қайтару үшін өндірісті арттырды. Бүгін БАӘ ұлттық мүдде мен өндірістік еркіндікке басымдық беріп отыр. Екі жағдайда да мұнай тек тауар ретінде емес, геоэкономикалық қысым құралы ретінде көрінеді.
БАӘ-нің ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығуы Мәскеудің бір күнде қирап қалда деген ой артық болуы мүмкін. Бірақ мұнай нарығындағы тәртіптің босай бастағанын көрсетеді. ОПЕК+ ішінде Ресейге қолайлы болған тепе-теңдік шайқалса, Кремльдің бағаға ықпал ету мүмкіндігі де азаяды.
Ресейге жанама соққы
Ал Парсы шығанағында Сауд Арабиясы мен Әмірлік арасындағы бәсеке күшейсе, нарық үлесі үшін күрес жаңа баға қысымын туғызуы мүмкін.
Мәскеу үшін ең қауіптісі өндіруші елдердің ортақ тәртібі бұзылып, әркім өз баррелін өзі қорғауға көшетін кезеңнің басталуы.
Мұндай жағдайда Ресей ОПЕК+ үстеліндегі серіктес рөлінен біртіндеп сыртқы бақылаушыға айналуы ықтимал. Ал тарих көрсеткендей, мұнай бағасы құлдырағанда империялық амбицияны ұстау қымбатқа түседі. Кеңес одағы соны кеш түсінді. Бүгінгі Ресей де дәл жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







