Мұхтар Шахановтың қазасына қабырғасы қайысып отырған қалың жұртқа Серікжан Біләштің сөзі қанжардай қадалды. Ұлт ақыны жер қойнына енді ғана тапсырылған сәтте айтылған ауыр, абыройсыз мәлімдеме Қазақстан ғана емес, шетелдегі қазақ қауымының да шамына тиген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде тараған бейнежазбада АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш марқұм Мұхтар Шахановты тілдеді. Ақынның шығармашылығын ішінәра мойындайтынын жеткізгенімен, жеке өкпесін алға тартып, қайтыс болған адамның артынан өте-мөте ауыз сөз айтты. Халықты ашындырған да осы тұс. Жеке дау мен ескі ренішті аза үстінде ақтару қазақы танымға да, қарапайым адамдық қалыпқа да сыймайды.
Америкадағы қазақ ортасы қозғала бастады
Редакциямызға жеткен мәліметке қарағанда, АҚШ-та тұратын қазақтар Біләштің мәлімдемесіне байланысты өзара ақылдаса бастаған. Әңгіме әлдекімді қорқыту-үркіту немесе тізе батыру туралы емес.
Мәселе қазақ қауымының атынан бетпе-бет сұрақ қою, оның сөзіне моральдық және қоғамдық баға талап ету.
«Қазақстаннан жырақ жүрсек те, қазақтың рухани кеңістігінен тыс қала алмаймыз. Біләш АҚШ-та тұрса да, оның сөзі Алматыдағы, Астанадағы, Шымкенттегі, Түркістандағы, Нью-Йорк пен Уашингтондағы қазақтың жүрегіне бірдей тиді. Америкадағы қазақтар да Шахановтың өмірден көшкенін естіп, аза тұтты. Ол тіл, ұлт, рух, намыс деген өлшеммен қатар аталатын тұлға. Сондықтан марқұмға қарата айтылған ауыр сөз коммунити ішінде жай ғана «жеке пікір» ретінде қабылданбай отыр», — дейді осы тұста әзір атын атамауды өтінген Америкада тұратын қазақ азаматы.
Біреудің өкпе-реніші ұлттық азадан биік емес
Біләш өз үндеуінде 2019 жылғы сот дауын, Шахановқа деген жеке өкпесін алға тартқан. Қазақтың танымында марқұмның артынан ауыр сөз айту ең ауыр әдепсіздіктің бірі. Тірі кезінде пікірталасуға, сынауға, қарсы уәж айтуға болады. Ал адам дүниеден көшіп, ел қара жамылған шақта өшпенділікті желіге шығару азаматтық позиция емес, рухани жетесіздік.
Америкадағы қазақтардың айтуынша, Біләш осы бір нәзік шекараны аттап-бұттап өткен.
«Оған (Шахановқа) Жаратушының лағнеті жаусын» деген Серікжанның сөзі жауапсыз да, жазасыз да қалмауы керек. Ұлттық жадыға, аза мәдениетіне, марқұмға құрмет қағидасына қол салған саясаткер жақын уақытта Америкадағы қазақтардың көзіне тіке қарауға мәжбүр болады.
Желідегі қауым не дейді?
Қытайдан көшіп келген қандастар да Біләштың сөзінен түңіліп отыр. Желідегі Серікжанның сырын білетін қауымның пікірін шолып шыққан Ertenmedia осындай ұйғарымға келді.
Біләштың youtube-тегі қалың орман оқырманы да белсендінің позициясын құптамай, негатив пікір жазуда. Көпшіліктің пікірінше, Серікжанның «кекке малынған сөзі» әлі талайға дейін оның соңынан еретін болады.
«Шахановтың қазасы кезінде Біләштен саяси ұстаным сұраған жоқпыз. Ел одан қарапайым әдеп, марқұм алдындағы үнсіздік, аза тұтқан жұртқа құрмет күтті», — дейді желідегі қауым.
Америкадағы қазақ қауымының талабы қандай болуы мүмкін
АҚШ-тағы қазақ қауымы Біләшке бірнеше сұрақты көлденең қоюға толық құқылы. Ол ма, ол аза күні неге мұндай жетесіз сөз айтты? Жеке ренішті тұтас ұлт құрметтейтін тұлғаның қазасымен неге байланыстырды? Марқұмның отбасы, жақындары, қалың оқырманы неге ескерілмеді?
«Мұндай сұрақты заң шеңберінде, ашық, мәдениетті түрде қоюуға тырысамыз. Анығы, үнсіз қалу дұрыс емес. Үнсіздік кейде бейәдеп сөзді қалыпты нәрсеге айналдырып жібереді. Біләштің мәлімдемесі бір адамның эмоциясы ретінде өтіп кетсе, ертең кез келген тұлғаның қазасы жеке есеп айырысуға айналуы мүмкін. Қоғам дәл осы тұста шекара сызуы қажет», — дейді осы тұста Америкада қазақ қауымы.
Ашу емес, ар таразысы
Айта кетелік, Біләш қазір АҚШ-та тұрады. Бірақ геоғрафия жауапкершілікті жоймайды. Әлемжелідегі сөз шекара танымайды. Демек, оның салдары да шекараға бағынбайды.
АҚШ-тағы қазақтар Біләшке іздеу салып, мән-жайды өз аузынан сұрауға ниет білдірсе, мұны қоғамның табиғи реакциясы деп қабылдау керек. Әңгіме күш көрсету туралы емес, рухани есеп сұрау туралы болып отыр. Шын мәнінде, Серікжан Біләштің Шахановқа қатысты мәлімдемесі оның өзіне ғана емес, шетелдегі қазақ белсенділерінің беделіне де көлеңке түсірді. Енді сол орта оның сөзін қалай қабылдайтынын, қандай баға беретінін көрсетуі тиіс.
Әлбетте, Шахановтың өмірі мен мұрасы бір адамның өкпесімен өлшенбейді. Ал аза үстінде айтылған ауыр сөз Біләштің өз бейнесін әлдеқайда анық көрсетіп берді. Ендігі сұрақ біреу ғана: Америкадағы қазақ қауымы осы сөзге қандай азаматтық баға береді?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







