Қазақстанда ата-аналар арасында баланы қай жастан мектепке беру керектігі туралы талас әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Жомарт Қарамбаев осы мәселеге қатысты нақты жауап беріп, заңға сүйене отырып, алты жастан мектепке барудың артықшылықтарын атады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, мәселе заң жүзінде анықталған, яғни елімізде соңғы жеті жыл ішінде бірінші сыныпқа алты жасар балалар ешқандай емтихансыз және конкурстық сынақсыз қабылданып келеді.
«Білім туралы заңда анық жазылған: Қазақстанда балалар бірінші сыныпқа алты жастан қабылданады, мұнда ешқандай тест, сынақтар өткізілмейді», – деді Жомарт Қарамбаев.
Министрлік өкілі баланы мектепке алты жастан берудің басты артықшылықтарын атап көрсетті. Оның пікірінше, ерте мектепке бару баланың танымдық қабілеттерін тез дамытып, әлеуметтік ортаға жылдам бейімделуіне мүмкіндік береді.
«Ең алдымен ерте жастан оқуға, жазуға, санауға дағдыланған бала танымдық қабілеттерін тез дамытады. Екіншіден, тәртіп пен режимге ерте үйренеді. Балабақшаның режимі бөлек, мектептің тәртібіне ертерек бейімделген бала әрі қарайғы оқуда да қиналмайды», – дейді маман.
Тағы нені білу керек?
Сондай-ақ, Қарамбаев уақыт тұрғысынан да тиімділікті ескерген жөн дейді. Яғни, алты жастан мектеп табалдырығын аттаған балалар мектепті бір жыл ерте аяқтап, жоғары оқу орнына да ерте түседі және еңбек жолын ертерек бастайды.
«Бұл уақыт үнемдеу мәселесі. Алты жасынан мектепке барған бала жеті жаста барған қатарластарынан бұрын мектепті аяқтап, университетке түседі және еңбек жолын да ерте бастайды», – деп түсіндірді комитет төрағасы.
Дегенмен….
Жомарт Қарамбаев шешім қабылдау ата-ананың өз еркінде екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, баланы мектепке алты жастан берудің басты шарты – сапалы мектепалды даярлықтан өткізу.
«Балаларды алты жастан мектепке беруге кеңес береміз, бірақ бұл үшін бала міндетті түрде сапалы мектепалды даярлықтан өтуі керек. Даярлық балабақшада, арнайы дайындық топтарында немесе үйде ұйымдастырылуы мүмкін. Қалай болғанда да, соңғы сөз ата-ананың өзінде», – деді ол.
Комитет басшысының дерегінше, соңғы жылдары Қазақстанда баланы алты жастан мектепке беру үрдісі айтарлықтай артқан. Көптеген ата-аналар ерте жастан білім берудің тиімділігін түсініп, осы шешімді қолдап отыр.
Айта кетелік, бұған дейін сала басшысы Жұлдыз Сүлейменова мектеп бітіру кешіне қатысты қатал мәлімдеме жасаған еді. Министрдің сөзі той-томалаққа дайындалып жатқан кейбір ата-аналардың қарсы реакциясын туғызған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







