Конституциялық сот ата-ананың баласымен кездесу құқығын жеке сот орындаушысына төленетін ай сайынғы ақыға тәуелді ететін норманы Конституцияға сай емес деп таныды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НП нормативтік қаулысы 16 маусымнан бастап күшіне енді. Құжат бүкіл ел аумағында міндетті сипатқа ие, түпкілікті шешім болып саналады және шағымдануға жатпайды.
Конституциялық сот азамат С.В. Харахориннің өтінішін қарап, баласымен кездесу тәртібін сот арқылы белгілеткен ата-анадан жеке сот орындаушысының қызметі үшін ақы өндіріп келген норманы заңға қайшы деп таныды. Бұған дейін бала тәрбиесі мен қарым-қатынас тәртібіне қатысты сот шешімін орындату үшін жүгінген ата-ана да, сот шешімін орындаудан жалтарған екінші тарап та шығынды тең бөліп төлеп келген.
Іс материалдарына сәйкес, өтініш иесі сот арқылы балаларымен кездесу тәртібін бекіткен. Алайда екінші ата-ана, яғни борышкер сот шешімін орындаудан жалтарған. Осыдан кейін әке мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушысына жүгінген. Сол кезде қолданыстағы талап бойынша ол сот шешімін бұзған тараппен қатар ай сайын ақы төлеуге міндетті болған.
Бұрынғы тәртіпке сай, баламен кездесу тәртібін белгілеуге қатысты істер бойынша шығын өндіріп алушы мен борышкерге теңдей жүктелетін. Жеке сот орындаушысы әр ата-анадан ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы ұстап отырған. Жалпы тариф 20 айлық есептік көрсеткішті құраған.
Алайда атқарушылық іс жүргізудің негізгі қағидасы бойынша сот актісін мәжбүрлеп орындатуға кеткен шығын сот шешімін өз еркімен орындамаған борышкерге жүктелуі тиіс. Себебі мәжбүрлі шараның қолданылуына дәл сол тараптың сот шешімін орындамауы себеп болады. Баламен кездесу тәртібіне қатысты істерде басқа төлем тәртібінің енгізілуі осы қағидадан жасалған ерекше жағдай болған.
Баласын көру үшін төлем жасалынбайды
Конституциялық сот мұндай талап ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасау құқығын оның қаржылық мүмкіндігіне тікелей тәуелді етіп қойғанын атап өтті. Егер өндіріп алушы ата-ананың қосымша төлем жасауға шамасы жетпесе, ол іс жүзінде мемлекеттік қорғау тетігін толық пайдалана алмайды. Бұл сот арқылы қорғалу құқығына және сот шешімінің міндетті күшіне нұқсан келтіреді.
Сот шешімінде отбасы мен балалық шақты қорғау Конституциямен кепілдендірілгені де ескерілді. Бала ата-анасы ажырасқан жағдайда да екеуімен де толыққанды қарым-қатынас жасауға құқылы. Ал өндіріп алушы ата-анаға қосымша қаржылық салмақ түсіру тұрақты отбасылық байланысты сақтауға кедергі келтіріп, баланың мүддесіне қайшы келеді.
Осыған байланысты Конституциялық сот Әділет министрінің жеке сот орындаушысы қызметіне ақы төлеу мөлшеріне қатысты нормасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Енді баласымен кездесу тәртібін орындату үшін жеке сот орындаушысына жүгінген ата-ана мұндай шығынды өз қалтасынан төлеуге міндетті емес.
Барлық шығын сот актісін орындаудан жалтарып отырған борышкерге жүктелуі керек. Яғни баламен кездесу тәртібін бұзған немесе сот шешімін орындамаған тарап жеке сот орындаушысының қызметіне байланысты төлемді өзі көтереді.
Конституциялық сот Үкіметке заңнаманы осы шешімге толық сәйкестендіруді тапсырды. Тиісті түзетулер Мәжіліске алты айдан кешіктірілмей, яғни 2026 жылғы желтоқсанға дейін енгізілуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







