Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында жұмыспен қамту бағдарламаларын сынға алды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутаттың сөзінше, 2008 жылдан бері жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданды, яғни екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған.
«Олар қандай нәтиже берді? Егер жұмыспен қамту шараларын негізгі құралдары мен әдістер арқылы талдайтын болсақ, онда олар осы жылдар бойы концептуалды түрде айтарлықтай өзгермегенін және негізінен уақытша сипатта болғанын байқаймыз. «Баяғы жартас – сол жартас». Біз әлі күнге дейін «тізесі шыққан» шараларды қолданамыз. Жаңа жүйелі шаралар аз. Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту және қайта оқыту, шағын несие беру, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және т.б.
Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмайды. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екендігін де зерттеп жатқан ешкім жоқ», — деді ол.
Аймағамбетов Үкіметтің есебін келтірді. Оған сәйкес, жыл сайын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен.
«Сонда жыл сайын миллионға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ мазалайды? Мынанадай темппен жұмыссыздық пен өзін-өзі жұмыспен қамту мәселесі әлдеқашан шешілуі керек еді ғой. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен, ал бірақ жұмыссыздардың саны небәрі 445 мың адам болған.
Бұған дейін еңбек нарығына жыл сайын 200 мың адам келетін, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250 мыңға жетіп қалды, ал 5 жылдан кейін 350 мыңға дейін барады дейді. Осылайша 2030 жылға қарай еңбек нарығына үлкен қысым жасалады. Мұның барлығы жүйелік проблемалардың бар екендігін көрсетеді», — деді депутат.