Бектенов үкіметі бюджеттік сала қызметкерлерінің айлығын бір шешіммен көтере алады. Ал жекеменшік компаниядағы жалақыға әмірі жүрмейді. Дегенмен биліктің бизнеске ықпал ететін үш тетігі бар. Экономист Руслан Сұлтанов сол тетіктердің қалай жұмыс істейтінін және неге бүкіл еңбек нарығын қамти алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономистің айтуынша, Үкімет жеке компания қызметкерлерінің жалақысын тікелей көтере алмайды. Өйткені айлық мөлшерін бюджет емес, жұмыс беруші белгілейді. Биліктің қолынан келетіні ең төменгі шек қою, мемлекеттік қолдауды шартқа байлау және кәсіп иелерін жалақы өсіруге үгіттеу.
Бірінші әрі барша жұмыс берушіге міндетті жалғыз тетік ең төменгі жалақы. Мемлекет заң арқылы одан аз төлеуге тыйым салады. Бірақ осы межеден жоғары айлықты қаншаға жеткізуді компанияның өзі шешеді. Биліктің жекеменшік кәсіпорындағы еңбекақыға тікелей араласу құзыреті осы жерден аяқталады.
Екінші жолы арзан несие, субсидия, грант және өзге де мемлекеттік қолдауға талап қою.
Бюджет қаржысын алғысы келген компаниядан қызметкерлеріне өңірдегі медианалық жалақыдан кем төлемеу, кейін айлықты кезең-кезеңімен өсіру талап етілуі мүмкін. Шарт орындалмаса, кәсіпорын жеңілдік пен қаржыландырудан қағылады.
«Мұндағы мәміле түсінікті: мемлекеттің ақшасын алғың келсе, жұмысшының жалақысын көтер. Алайда бұл талап қолдау сұраған компанияларға ғана жүреді. Ал ондай кәсіпорындар бүкіл бизнестің аз бөлігін құрайды», – дейді Руслан Сұлтанов.
Экономист мұндай бағдарламада орташа емес, медианалық жалақының алыну себебін де түсіндірді. Орташа көрсеткіш барлық қызметкердің айлығын қосып, адам санына бөлу арқылы есептеледі. Директор қарапайым жұмысшыдан жиырма есе көп алса, компаниядағы жұрттың көбі аз жалақыға еңбек етіп жүрсе де, орташа көрсеткіш жоғары болып көрінеді.
Медиана мұндай алдамшы көрініске жол бермейді
Қызметкерлерді айлығының мөлшеріне қарай тізгенде дәл ортада тұрған адамның табысы алынады. Басшылықтың шектен тыс жоғары еңбекақысы нәтижені бұрмалай алмайды. Сондықтан медиана қатардағы қызметкердің қолына шын мәнінде қанша ақша тиетінін дәлірек көрсетеді.
Үшінші тетік әкімдіктердің ірі кәсіпорындармен және сауда желілерімен жүргізетін келіссөзі. Жергілікті билік компания басшыларын жұмысшылардың айлығын көтеруге, сол міндеттемені ұжымдық шартқа енгізуге көндіруге тырысады. Мұнда заңдық талап та, бас тартқаны үшін қолданылатын жаза да жоқ. Әкімдік үгітке, беделдік қысымға және жергілікті билікпен алдағы қарым-қатынастың ыңғайына ғана сүйенеді.
Сұлтанов мұны дүкендер желісінің мысалымен түсіндірді. Кәсіпкер бизнесін кеңейту үшін жеңілдетілген несие алса, медианалық жалақы жөніндегі шартты орындауға мәжбүр. Әйтпесе қаржы берілмейді. Ал кәсібін өз ақшасына дамытса, әкімнің әңгімеге шақыруынан өзге қысым жоқ. Кездесуге бармауына немесе жалақыны көтеруден сыпайы түрде бас тартуына да болады.
Осы себепті мемлекеттің жеке сектордағы айлыққа ықпалы тым шектеулі. Ең төменгі жалақы баршаға міндетті, мемлекеттік көмекке жүгінгендерге қосымша шарт қойылады, ал бағдарламадан тыс ірі бизнеске билік өтініш пен үгіт арқылы ғана әсер етеді. Субсидия сұрамайтын, әкімдік назарына түспейтін шағын және орта кәсіп иелерінің жалақысы еңбек күшіне сұранысқа, білікті маман үшін бәсекеге және өндіріс өнімділігіне тәуелді.
Қысқасы, бюджет қызметкерінің айлығын үкімет қаулымен өсіре алады. Жеке секторда мемлекет қамшы ұстамайды, бір қолында жеңілдік, екіншісінде үгіт қана бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







