Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев қымбатшылық қысып бара жатқанын айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Мұқаевтың сөзінше, Астанада 1 келі картоп 485 теңге болған.
«Қымбатшылық бетімен кетіп барады. Ал антимонополиялық комитет жұмысы — 0. Осы кезге дейін келісі 150-180 теңгеден еді. Қымбаттағаны картоп қана емес. Өспей жатқаны айлық қана…» — деді ол.
Депутаттың пікірінше, Қазақстанда орташа жалақының 52-56 пайызы тек азық-түлікке кетіп жатыр.
«Экономикасы нашар Африка елдерімен пара-пар: Нигерия елі (59%), Мьянма (56,6%), Кения 56,1%, Бангладеш (52,7%), Лаос (50,6%) ал Ангола (49,7%) жұмсайды. 105 елдің ішінде соңғы қатардамыз. Ал АҚШ орташа айлықтың 6,7%, Сингапур халқы болса 8,4%, ұлыбританиялықтар 8,7% ақшасын тамаққа жұмсайды. Соғыс болып жатқан Ресейдің өзінде 29%, ал Украинада 41,6% екен. Сонымен қатар Беларусь халқы — 32,1%, Түркіменстан 36,9%, ал өзбектер 46,5% ақшасын азық-түлікке жаратады», — деді депутат.
Айта кетейік, күні кеше депутат Сайыров та осылай деп дабыл қақты.
«Баға қайда кетіп барасың» деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік! Ал еліміздегі ең төменгі төлем екі жыл болды 85 мың теңгеден көтерілмей тұр», — деді ол.