2027 жылы Құрылтай қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 22,53 млрд теңге бөлу жоспарланған. Шартты түрде есептегенде, 145 депутаттың әрқайсысына 155,3 млн теңгеден келеді. Экономист Әнел Дәулетғалиева жаңа парламенттің шығынына қатысты осындай есеп ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Маманның айтуынша, 155,3 млн теңгені депутаттың жалақысы немесе қолына берілетін қаражат деп түсінбеу керек. Көрсеткіш Құрылтайдың жалпы бюджетін депутат санына бөлу арқылы шығарылған.
Жалпы сомаға депутаттардың жұмысын ұйымдастыруға арналған барлық шығын кіреді. Олардың қатарында әкімшілік аппаратты ұстау, коммуналдық төлемдер, көмекшілердің еңбекақысы, кеңсе тауарлары мен депутаттардың тұратын жеріне жұмсалатын қаражат бар.
Құрылтай қызметіне:
- 2027 жылы – 22,53 млрд теңге;
- 2028 жылы – 22,85 млрд теңге;
- 2029 жылы – 22,79 млрд теңге бөлу көзделген.
Кейінгі жылдарға жоспарланған сомалар бюджет нақтыланған кезде өзгеруі мүмкін.
Әнел Дәулетғалиева жаңа бірпалаталы парламенттің бұрынғы Мәжіліс пен Сенатқа қарағанда бюджетке арзанырақ түсетінін атап өтті. 2026 жылы екі палатаның қызметіне 31,96 млрд теңге қарастырылған еді. Ол кезде Мәжілісте 98, Сенатта 50 депутат болған және екі палатаның жеке әкімшілік аппараты жұмыс істеген.
Осы есепке сүйенсек, Құрылтайға жоспарланған жылдық шығын бұрынғы екі палаталы парламент бюджетінен шамамен 9,43 млрд теңгеге немесе 29,5 пайызға аз.
Қазақстан Халық кеңесінің қызметін қамтамасыз етуге 1,76 млрд теңге бөлу жоспарланған. Экономист ұсынған дерек бойынша, жаңа консультативтік органды ұстауға Құрылтаймен салыстырғанда әлдеқайда аз қаражат жұмсалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







