Қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақындап қалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында Боқаевқа қатысы бар делінген 2 млн доллардан астам мүлік анықталған. Сондай-ақ негізгі куәгерлерден жауап алынып, бірнеше эпизод бойынша оның ықтимал рөлі тексеріліп жатыр. Дегенмен Санжар Боқаевтың кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Соңғы құқықтық бағаны сот береді.
Telegram-дағы «Шын мәнінде» арнасының мәліметінше, ведомствоаралық тергеу-жедел тобы Боқаевпен аффилирленген делінген компаниялардың номиналды басшыларынан жауап алған. Олардың айтуынша, келісімшарттарды іс жүзінде Боқаев ұйымдастырған, ал орындалған жұмыс актілеріне оның өзі, жақын танысы және жиені қол қойған.
Бұған дейін БАҚ-та Боқаевтың «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі болған кезеңіне қатысты ақпарат тараған еді. Онда 100 млн теңгеден асатын жаңа жылдық корпоративті ұйымдастыру келісімшарты туралы айтылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, мердігерлер оның айналасындағы адамдармен байланысты болуы мүмкін.
Резонансты істің жаңа кезеңі
Тағы бір эпизод Алматыдағы Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қатысты. Дереккөздердің хабарлауынша, тергеу Боқаевтың осы істі ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр. Аталған эпизод Қылмыстық кодекстің 340-бабы, яғни ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау бойынша сараланған.
Осы іске байланысты үш жұмысшы екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын алғаны айтылды. Бұған дейін Ахридин Хамракулов видеоүндеу жасап, ағаш кесу тапсырмасын нұсқау бойынша орындағанын және сол үшін шамамен 100 мың теңге алғанын мәлімдеген.
Дереккөздер таратқан ақпаратқа сәйкес, видеоны ұйымдастыру кезінде Боқаев Астанаға әдейі ұшып кеткен болуы мүмкін, ал жұмысты көмекшісіне тапсырған деген нұсқа бар. Кейін алғашқы түсірілім сәтсіз шыққан соң, эпизод оның жеке бақылауымен қайталанғаны айтылып отыр. Қазір Боқаев өз көмекшісі Ұлан Нүсіпқожаға қатысты жауап беріп, негізгі ұйымдастырушы рөлін соған аударып жатқан болуы мүмкін деген мәлімет тарады.
2 млн долларлық актив
ФБРК дереккөздері Боқаевқа қатысы бар делінген активтердің жалпы құны 2 млн доллардан асатынын хабарлады. Олардың қатарында Көк-Төбе маңындағы 1,5 млн долларлық үй, Астана орталығындағы 250 мың долларлық пәтер, Toyota Land Cruiser 300, BMW M5, Nissan Patrol және ZEEKR X көліктері аталады. Кей мүлік бұрынғы жұбайы мен анасының атына рәсімделген болуы мүмкін.
Сонымен қатар ақпарат көздері Боқаев өзіне тағылып отырған Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық бойынша айыптың ауырлығын түсініп, істі 361-бапқа, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану бабына ауыстыруға мүдделі болуы мүмкін екенін жазады. Алайда мұның бәрі әзірге тергеу нұсқасы және дереккөздер мәліметі ретінде ғана қаралуға тиіс.
Санжар Боқаев 2026 жылғы наурызда Алматыда алаяқтық күдігімен ұсталған. Кейін оның қамау мерзімі 18 маусымға дейін ұзартылғаны хабарланды. Қазір куәгерлерден жауап алу, қатысушыларды тану және өзге де тергеу әрекеттері аяқталуға жақын екені айтылып отыр.
Қоғамда резонанс тудырған істе эмоциядан бұрын заңдық дәлдік маңызды. Айыптау тарапы өз дәлелін сотта көрсетуі керек, ал қорғау тарапы оған қарсы уәжін ұсынады. Санжар Боқаевтың кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана дәлелденген болып саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






