Олимпиада чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылға арналған жаңа келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Шайдоровтың жаңа шарты тараптардың толық келісімі негізінде жасалған.
«Жаңа келісімшарт төңірегіндегі дау-дамай аяқталды. Құжат заң шеңберінде дайындалды, барлық шарттар тараптардың келісімімен бекітілді. Келісімге қол қойылған соң, қажетті төлемдерді ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті», – деді Жарасбаев.
Вице-министр жақын арада министрлік өкілдері чемпионмен кездесіп, алдағы олимпиадалық циклға дайындық және еліміздегі мәнерлеп сырғанау спортын дамыту мәселелерін талқылайтынын айтты.
Айта кету керек, Михаил Шайдоров пен оның командасы 5 маусымда АҚШ-қа аттанып, жаңа маусымға дайындықты жалғастырады.
«Михаил қазақстандық спорттың аңызы. Министрлік оны толық қолдайды, барлық бастамаларына сәттілік тілейміз», – деп түйіндеді Серік Жарасбаев.
Еске салсақ, Михаил Шайдоров Миланда өткен Олимпиадада Қазақстан тарихындағы қысқы ойындардан екінші рет алтын медаль иеленіп, сенсация жасаған болатын.
Министрлік пен спортшының арасындағы дау-дамай өршіген тұста, араға Кремль пропагандасы араласып, Шайдаровқа «Ресейге кел» деген ишара жасаған болатын. Көршіміздің ақпарат құралдары Спорт министрлігінің чемпионға шектен тыс қысым жасап жатқанын мәлімдеп, екі араға от салуға тырысқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







