Астанада өткен «Сайлау-2026: медиа және цифрлық платформалар» сарапшылар алаңында жасанды интеллектінің үгіт науқанына ықпалы, жалған ақпарат қаупі және сайлаушылардың өзгерген талабы талқыланды. Сарапшылар саяси бәсекенің ендігі тағдыры жарқын ұранға емес, ақпараттың шынайылығына, бағдарламалардың сапасына және партиялардың халықпен ашық диалог орната білуіне байланысты екенін айтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынды Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Алғашқы сессия саяси коммуникацияның цифрлық дәуірдегі өзгерісіне арналды. Қатысушылар әлеуметтік желі, жасанды интеллект және онлайн-платформалардың сайлау науқанының ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті.
ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов технология қаншалықты дамыса да, саяси коммуникацияның негізгі капиталы азаматтардың сенімі болып қала беретінін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және сайлаушыны манипуляциялық контенттен қорғау алдағы электоралдық кезеңнің маңызды міндетіне айналады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев ЖИ көмегімен жасалған фото, видео және өзге материалды міндетті түрде таңбалау қажет екенін жеткізді. Ол азаматтарды дербес деректерін жеке мүлкіндей қорғауға шақырды. Мемлекет халықаралық цифрлық платформалармен бірлесіп, синтетикалық контенттің заңсыз пайдаланылуына қарсы тетіктер әзірлеп жатыр.
Дезинформацияға қарсы күрес орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратқа жауап берудің жылдамдығына назар аударды. Оның айтуынша, ресми органдар күмәнді ақпарат кең тарамай тұрып нақты түсініктеме беруге тиіс. Фактчекинг жалған мәліметті жоққа шығарумен шектелмей, оның қайдан пайда болғанын және қандай арна арқылы таралғанын да түсіндіруі қажет.
Саясаттанушы Талғат Қалиев партиялардың дәстүрлі үгіт үлгісінен ашық саяси пікірталасқа бет бұра бастағанын айтты. Парламент қызметі, экономика және кәсіпкерлік мәселелері төңірегіндегі бәсеке күшейген. Партия басшылығындағы жаңару да қоғамның жаңа тұлғалар мен тың идеяларға сұранысын көрсетеді.
Оның ойынша, қазақстандық сайлаушы саяси кемелденудің жаңа кезеңіне өтті. Азаматтар бағдарламаларды өздігінен салыстыруды, популистік мәлімдемелерге күмәнмен қарауды және қоғамдық пікір көшбасшыларының ықпалы күшейген ақпарат кеңістігінде дұрыс бағдар табуды үйреніп келеді.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев жасанды интеллект партияларға қоғамдық сұранысты жедел талдап, әр аудиториямен жеке жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда мұндай технология саяси жарнаманы тым дәл нысаналауға және адамның әлсіз тұсын пайдалануға жол ашуы мүмкін. Сондықтан оның артықшылығымен бірге этикалық шекарасы да белгіленуге тиіс.
Найла Мұхтарова қазіргі үгіт науқанының бұрынғы сайлаулардан едәуір ерекшеленетінін айтты. Партиялар алғашқы күндерден бастап қарсыластарының бағдарламалары мен бастамаларын ашық сынауға көшкен. Оның пікірінше, теледебаттар енді бағдарламаны таныстыратын эфир ғана емес, саяси күштің өз ұстанымын дәлелмен қорғау қабілетін көрсететін сынақ алаңына айналып отыр.
Екінші сессияда сайлаушының мінез-құлқы мен қоғамдық сұраныстың өзгеруі талқыланды. Президенттік орталық директорының орынбасары Мариан Әбішева азаматтардың таңдауына рационалды факторлардың ықпалы артып келе жатқанын айтты. Сайлаушы үшін партия бағдарламасының мазмұны, кандидаттың кәсіби деңгейі және әлеуметтік-экономикалық мәселені шешу қабілеті маңызды бола бастаған.
Оның келтірген зерттеуіне сәйкес, азаматтардың 84 пайыздан астамы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағалайды. Сарапшы қоғамдық сенім мен оптимизмді конституциялық реформаларды жүзеге асыруға қажет маңызды ресурс деп атады. Ендігі міндет – осы сенімді бүкіл мемлекеттік институттар жүйесіне тарату.
Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев қазіргі сайлау науқанының қарқыны мен мазмұны бұрынғыдан жоғары екенін атап өтті. Сайлаушылар үгіттің сыртқы тартымдылығымен шектелмей, партиялардың берген уәдесін орындау қабілетіне және ұйымдастырушылық әлеуетіне мән бере бастаған.
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова электоралдық көңіл күйге арналған зерттеу нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігі дауыс беруге дайын, ал азаматтардың үштен екісі нақты саяси партияны таңдаған. Қоғамның негізгі сұранысы тұрақтылықты сақтау, күнделікті мәселені тиімді шешу және халықпен тікелей байланыс орнатуға бағытталған.
Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев партияаралық бәсекенің әлеуметтік желілерге ауысқанын айтты. Саяси ұйымдар пікірталасты ресми мінбермен шектемей, жазбалардың астындағы пікірлерде де жалғастырып жүр. Қоғам әділеттілік, қауіпсіздік және саяси жауапкершілікке жоғары талап қоя бастаған.
Оның пікірінше, «Таза Қазақстан» бастамасы азаматтар үшін көшені абаттандырумен ғана өлшенбейді. Халық оны мемлекеттік қызметтегі адалдық, қоғамдық тәртіп және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарау ұстанымымен байланыстырады.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басқарма басшысы Елдос Жұмағұлов әр жастағы қазақстандықтарды тиімді мемлекеттік басқаруға, қауіпсіздікке және ел дамуына қатысуға деген ортақ сұраныс біріктіретінін айтты. Ашық бәсеке партия бағдарламасының сапасына, дәлелді ұстанымға және жария коммуникация мәдениетіне қойылатын талапты күшейтеді.
Сарапшылар сайлаудың цифрлық платформалардағы көрінісі демократиялық үдерістің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті. Алайда технология саяси мәдениетті өздігінен қалыптастырмайды. Сайлау науқанының сапасы ақпаратқа деген сенімге, ЖИ құралдарын адал пайдалануға және партиялардың азаматпен мазмұнды диалог құра білуіне байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






