Қоғам белсендісі әрі заңгер Айгүл Орынбек «Qasqa Jol» YouTube-жобасына берген сұхбатында белгілі саясаткер, белсенді Санжар Боқаевтың қызметіне қатысты сыни пікір білдірді. Қоғам өкілі оның бүгінгі саяси риторикасы мен күрескерлік бейнесіне не себепті күмәнмен қарайтынын нақты мысалдармен түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі саясаттағы кезең және белсенділерге қысым
Айгүл Орынбектің айтуынша, Санжар Боқаев қазір халық арасында көтеріп жүрген жемқорлыққа қарсы мәселелерді өзге қоғам белсенділері осыдан он шақты жыл бұрын-ақ жүйелі түрде зерттеп, дабыл қаққан. Сұхбат беруші Боқаевтың бұрынғы мемлекеттік қызметін, нақтырақ айтқанда, Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасын басқарған жылдарын еске алды.
Оның сөзіне қарағанда, дәл сол кезеңде қазіргі оппозициялық бағыттағы саясаткер керісінше азаматтық қоғам өкілдері мен наразы топтарға тосқауыл қоюмен айналысқан. Қоғам белсендісі кезінде бейбіт шеруге шыққан азаматтар мен егде жастағы әйелдерді күштеп ұстау деректеріне Санжар Боқаевтың тікелей қатысы болғанын алға тартты.
«Мен өзім Санжар Боқаевты қолдамаймын. Ол кісі кезінде ішкі саясатта жұмыс істеген уақытта дәл осы белсенділермен күрескеннің бірі болды. Алматыдағы таныстарым қаншама рет хабарласып, көшедегі аналарды полиция көтеріп әкетіп жатқанын айтқан. Менде тіпті архивтік суреттер бар шығар, қателеспесем. Сол кезде осы суреттер мен видеоларды «Азаттық» жиі таратты. Дәл сол оқиғалардың ортасында Боқаевтың тапсырма беріп жүргенін өз көзіммен көргенмін», – деді ол.
«Бүгінгі күрескерлік образына сенбеймін»
Заңгер сонымен қатар желі қолданушылары мен қарапайым халықты саяси тұлғалардың өткен жолын ұмытпауға шақырды. Оның пікірінше, билік сапында жүріп қоғамдық қарсылықты басып-жаншуға атсалысқан адамның араға уақыт салып, кенеттен халық жанашыры ретінде шыға келуі шынайылыққа жанаспайды.
Орынбек саясаткердің жүйемен күресін әу бастан бастаған нағыз азаматтық белсенділердің қатарына қосуға болмайтынын қадап айтты.
«Енді келіп, бүгін бұлай шығуына жеке өзім сенбеймін. Егер ол кісі сонау бастан бері әділдік пен жемқорлыққа қарсы табанды күрес жүргізіп келсе, „ертеден күресіп келе жатқан жігіт қой“ деп айтуға болар еді. Бірақ ол жарыққа кейін ғана шығып отыр. Сондықтан халық өткен оқиғаларды тереңнен түсініп, кімнің кім болғанын ұмытпауы керек», – деп түйіндеді қоғам белсендісі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







