Шымкентте креативті индустрия өнер мен қолөнер шеңберінен шығып, жаңа жұмыс орны мен кәсіпкерлік қалыптастыратын экономикалық бағытқа айналып келеді. Қалада осы салада 2 430 кәсіпкерлік субъект тіркелген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Креативті экономикаға кино, анимация, музыка, сән, дизайн, зергерлік өнер, қолөнер, IT, цифрлық контент және жарнама өндірісі кіреді. Мұнда негізгі капитал – адамның идеясы, таланты мен зияткерлік меншігі.
Осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың бірі Айман Тельқожаева отыз жылдан бері кескіндемемен айналысып, шәкірт тәрбиелеп келеді. Кейінгі жылдары ол ағаш, эпоксид шайыры мен ұлттық өрнекті үйлестіріп, этностильдегі әшекей мен тұрмыстық бұйым жасауға ден қойған. Ендігі мақсаты – шығармашылық еңбегін тұрақты кәсіпке айналдыру.
Шымкенттегі креаторларды қолдайтын негізгі алаңдардың бірі – 2025 жылғы 17 мамырда ашылған Shymkent Creative Hub. Жалпы аумағы 540 шаршы метр болатын орталықта көрме және сату алаңы, дизайнерлер подиумы, кино-анимация студиясы, шеберхана мен конференц-зал орналасқан.
2026 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша хабта 36 резидент жұмыс істейді. Мұнда қолөнершілер, дизайнерлер, суретшілер, зергерлер және «Сақ» киностудиясы өз жобаларын дамытып отыр. Орталықта 227 іс-шара мен 79 жәрмеңке ұйымдастырылып, 5 200-ден астам бұйым сатылымға шығарылған.
Хабта «Креативті бейсенбі» кездесулері, шеберлік сағаты, көрме, сән көрсетілімі мен семинар тұрақты өтеді. «Сақ» студиясының толықметражды анимациялық туындылары, халықаралық дизайнерлер апталығы және креативті өнім жәрмеңкелері қаланың шығармашылық әлеуетін кең аудиторияға танытып келеді.
Мемлекеттік қолдау жүйесі де жаңартылды. 2026 жылы күшіне енген қағидалар креативті жобаларды қаржыландыруды, экспортқа шығаруды, зияткерлік меншікті қорғауды, инвестор тартуды және кәсіпкерлерге үй-жай мен жабдықты жеңілдетілген тәртіппен ұсынуды қамтиды.
Креативті индустрияның артықшылығы – өнімді үлкен зауытсыз да экспорттауға болатындығында. Анимация, дизайн, музыка немесе цифрлық контент Қазақстанда жасалып, әлемдік нарықта сатылады.
Сондықтан Шымкенттегі хабтың негізгі нәтижесі өткізілген шара санымен емес, идеяны өнімге, өнімді тұрақты табысқа айналдыра алған жобалармен өлшенбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







