Қазақстан банктері базалық мөлшерлеменің төмендеуіне ілесіп, депозиттердің табыстылығын азайта бастады. Тамызда бірден 11 банк салым шарттарын қайта қараған. Шілдеде мұндай қадамға небәрі төрт қаржы ұйымы барған еді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметіне сүйеніп.
Төмендеу депозит нарығының басым бөлігін қамтыды. Жинақ салымдарымен қатар, ақшаны еркін алып, қайта толықтыруға мүмкіндік беретін мерзімсіз депозиттердің де табысы азайып келеді.
Үдеріс Ұлттық банк шілдеде базалық мөлшерлемені 17 пайыздан 16,75 пайызға түсіргеннен кейін жеделдеген.
Мерзімсіз депозиттердің орташа табыстылығы 14,19 пайыздан 14,08 пайызға төмендеді. Нарықтағы ең жоғары мөлшерлеме бірден 0,9 пайыздық тармаққа қысқарып, 15,95 пайызды құрады.
Толықтыруға болатын мерзімді салымдардың да бұрынғы тартымдылығы бәсеңдей бастады. Мұндай депозиттердің ең жоғары табыстылығы жылдық 20 пайыздан 19 пайызға түскен. Өзгеріс негізінен үш және алты айға ашылатын қысқамерзімді салымдарды қамтыды.
20 пайыздан жоғары депозиттер әлі бар
Нарықтағы ең табысты өнім ретінде жинақ салымдары қалып отыр. Толықтыруға болатын депозиттер бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20 пайыз, толықтыруға келмейтін салымдарда 20,5 пайызға жетеді.
Алайда жоғары пайыздың өз шарты бар. Жинақ депозитінен ақшаны ішінара алуға болмайды. Салымды мерзімінен бұрын жапқан клиент есептелген сыйақысынан түгелге жуық айырылады. Банк негізгі қаражатты да 30 күннен кейін ғана қайтарады.
Тағы бір маңызды өзгеріс байқалады. Ең жоғары 20,5 пайыздық мөлшерлеме енді алты айға емес, үш айға ғана ұсынылып отыр. Мұндай өнімді сақтап қалған банк алты айлық депозитінің табыстылығын төмендетіп үлгерген.
Қаржы ұйымдары салымшылар алдындағы қымбат міндеттемені ұзақ уақытқа бекіткісі келмейтінін осыдан аңғаруға болады. Соған қарамастан, ең тиімді депозиттердің табысы тамыздағы инфляциядан екі еседен астам жоғары. Қазақстандағы жылдық инфляция тамызда 9,8 пайызға дейін баяулаған еді.
Ұлттық банктің жаңа шешімі депозитке де әсер етеді
Кейінгі үш айда банктер депозиттік өнімдерін түгелге жуық қайта қарады. Алғашқы өзгеріс маусымда басталып, он қаржы ұйымы мөлшерлемелерін жаңартқан. Шілдедегі қысқа үзілістен кейін төмендеу тамызда қайта жеделдеді.
Ұлттық банк енді базалық мөлшерлемені тағы 0,5 пайыздық тармаққа, 16,25 пайызға дейін түсірді.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры осыдан кейін салымдардың табыстылығы әрі қарай төмендейді деп күтеді. Дегенмен банктер мөлшерлемені бірден емес, біртіндеп әрі жекелеген өнімдер бойынша қысқартуы ықтимал.
Осылайша, жылдық табысы 20–20,5 пайызға жететін депозиттер кезеңі аяқталуға жақындады. Салымшылар әлі де жоғары мөлшерлемені бекітіп үлгере алады. Бірақ депозит ашпас бұрын ақшаны мерзімінен бұрын алу тәртібіне, сыйақыдан айырылу қаупіне және мемлекеттік кепілдік көлеміне назар аударған жөн.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жинақ түріндегі теңгелік депозиттерге 20 млн теңгеге дейін кепілдік береді. Өзге теңгелік депозиттер мен шоттар бойынша қорғалатын ең жоғары сома 10 млн теңге.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







