Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыздан 16,25 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл биылғы жыл басынан бергі үшінші төмендеу. Маусымда мөлшерлеме 18-ден 17 пайызға, шілдеде 16,75 пайызға дейін түскен болатын. Реттеушінің аталған шешімі 7 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Шешімнің басты себептері мен инфляция серпіні
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті мөлшерлемені төмендетуге елдегі инфляциялық қысымның баяулауы негізгі себеп болғанын хабарлады.
Тамыз айында жылдық инфляция соңғы бір жарым жылда алғаш рет бір таңбалы межеге дейін түсіп, 9,8 пайызды құрады. Осылайша, елімізде баға өсімінің бәсеңдеу процесі қатарынан 11 ай бойы жалғасып келеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, азық-түлік инфляциясы көкөніс пен жеміс-жидектің маусымдық арзандауы мен импорт бағасының түсуіне байланысты 9,5 пайызға дейін азайды. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі теңгенің нығаюы аясында 11,4 пайызға, сервистік қызметтер инфляциясы 8,9 пайызға дейін шегінді. Сонымен қатар халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі де 12,1 пайызға дейін төмендеген.
Тимур Сүлейменов не дейді?
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов аталған шешімнің қаржы нарығы мен халыққа әсеріне тоқталды. Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің өзгеруі тұтынушылық несие мен ипотека шарттарына бірден әсер етпейді, өйткені экономикадағы ақша құнының арзандауы үшін белгілі бір уақыт аралығы (лаг, ред.) қажет.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы екінші деңгейлі банктердің бұрынғы шектен тыс жоғары пайда табу кезеңі аяқталғанын және олардың кірістілігі қалыпқа түсе бастағанын атап өтті.
«Банктердің аса жоғары рентабельділік кезеңі артта қалды. Біз ұсынған салықтық жаңашылдықтарды Үкімет пен Парламент қолдады. Сондай-ақ макро және микроқаржылық реттеу шараларының кешені іске асырылды. Яғни, банктердің табыстылығы төмендеді, ол қалыпқа түсіп келеді. Біз бұл үдерісті дұрыс деп санаймыз», – деді Тимур Сүлейменов.
Бас банк төрағасының пайымдауынша, банктер кірісінің қалыпқа келуі алдағы уақытта қарыз алушылар үшін қолайлы жағдай жасауға түрткі болуы тиіс.
Сарапшылар бағасы: Несие арзандай ма?
Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Ұлттық банктің қадамын ақша-несие саясатын жұмсартудың кезекті, бірақ аса сақтықпен жүргізіліп жатқан кезеңі деп бағалады. Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда номиналды мөлшерлемеден гөрі инфляциядан тазартылған нақты мөлшерлеменің мәні зор.
«Бүгінгі шешім қалыптасқан саясаттың бір бөлігі. Мұнда 16,25 пайыздық номиналды көрсеткіштен гөрі нақты мөлшерлеме маңызды. Жылдық инфляция 9,8 пайыз болғанда, нақты мөлшерлеме шамамен 6,45 пайызды құрайды. Бұл әлі де жоғары және әлемдегі ең жоғары нақты мөлшерлемелердің бірі болып қала береді, дегенмен бұрынғы деңгейден сәл төмен», – деп жазды сарапшы.
Қаржыгерлер мөлшерлеменің 0,5 пайыздық тармаққа түсуі банктердегі кредиттердің бірден күрт арзандауына әкелмейтінін ескертеді. Дегенмен дезинфляциялық үрдіс тұрақты сақталса, жыл соңына қарай қарыз алу шарттары біртіндеп жеңілдеуі мүмкін.
Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылдың 23 қазанында жарияланады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







