ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Магнум дүкендер желісі курьері мен тұтынушының арасындағы дауға қатысты өз ойын білдірді. Депутат бұл мәселені «Еңбек кодексі» аясында шешу керектігін алға тартты, , – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Біріншіден, манипуляцияға жол беруге болмайды. Мен бұл мәселені зерттеп, қарадым. Орын алған мәселе «Еңбек кодексі» аясында реттелетін дүние. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының қарым-қатынасы. Одан бір саяси, қоғамдық резонанс тудырып, қазақ тілі қорланып жатыр деген әңгіме туғызуға боламайды. Бұл – жеке бастың дауы. Екі адамның арасындағы дауды бастан-аяқ жазып алған бейнекамералар жоқ. Қандай әңгіме айтылғанын біз білмейміз.
Сол себептен, Магнум да, қоғамдағы көп белсенділер де тек манипуляцияға алданып отырған сияқты. Ол біздің ішіміздегі кәсіпкер, қаншама қызмет беріп жатыр. Қаншама қазақ жастары Магнумда жұмыс істеп жүр. Одан қалса, екі қазақ баласының арасындағы конфликт.
Меніңше, одан бір дау тудырып, «талай адам жұмыссыз қалады» деп ши шығарудың қажеті жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары, осындай тексерілмеген, нақты дәлелі жоқ ақпараттардан сақ болуы керек. «Самаурыннан су кетті десе, Самарқандты су алды» дегендей дауға май құюдың қажеті жоқ. Бұл мәселе Парламентте немесе сіздер талқылайтын дүние емес, – деді депутат.