Қазақстанда бөліп төлеу және BNPL сервистеріне қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк маркетплейстер мен сауда желілеріндегі бөліп төлеу қызметін реттеудің жаңа тәсілдерін қарастырып жатыр. Бұл мәселе Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдармен бірге талқылануда. Нақты шешім нарыққа жасалған талдаудан кейін қабылданады.
Қазір бөліп төлеу қызметі көпшілік үшін ыңғайлы қаржылық құралға айналды. Адам тауарды бірден толық төлемей, бірнеше айға бөліп алады. Бірақ мұндай жеңілдіктің екінші жағы да бар. Егер тұтынушы өз табысын дұрыс есептемесе, бірнеше бөліп төлеу қатар жиналып, қарыз жүктемесін арттыруы мүмкін.
Ұлттық банк реттеу тәсілі қызметті кім ұсынатынына байланысты болатынын мәлімдеді. Егер бөліп төлеуді қаржы ұйымы берсе, оған бір талап қойылуы мүмкін. Ал қызметті қаржылық емес ұйым, мысалы маркетплейс немесе сауда желісі ұсынса, бөлек тәсіл қаралады. Яғни нарықтағы барлық ойыншыға бірдей шектеу қою емес, олардың қызмет сипатына қарай реттеу көзделіп отыр.
Сонымен бірге реттеуші бизнеске артық қысым түсірмеуді мақсат етеді. Себебі бөліп төлеу сауда айналымына, шағын және орта бизнеске, тұтынушы сұранысына әсер ететін құрал. Сондықтан шектеу тым қатал болса, нарық бәсеңдеуі мүмкін. Ал мүлде бақылаусыз қалса, халықтың қарыз жүктемесі өседі.
Осы бағытта қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті де қаралып жатыр. Бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері мониторинг режимінде қолданылып келеді. Ол адамның жалпы қарызы жылдық табысымен қаншалықты сәйкес келетінін көрсетеді. Басқаша айтқанда, азаматтың жаңа қаржылық міндеттемені көтере ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап береді.
Егер бұл коэффициент бөліп төлеу мен BNPL қызметтеріне де әсер етсе, кей азаматтарға рассрочка алу қиындауы мүмкін. Әсіресе бірнеше несиесі бар немесе табысына шаққанда қарызы көп адамдарға шектеу күшеюі ықтимал.
Қазір Ұлттық банк түпкілікті параметрлер мен енгізу мерзімін нақтылаған жоқ. Шешім нарыққа, тұтынушыларға және бизнеске ықпалы толық зерттелгеннен кейін кезең-кезеңімен қабылданады.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – тұтынушыны шамадан тыс қарыздан қорғау. Бөліп төлеу ыңғайлы құрал болып қала береді, бірақ ол адамның қаржылық жағдайын әлсірететін жасырын несиеге айналмауы керек.
Қазақстанда депозит қарапайым жинақ құралы ғана емес, инфляциямен арпалысатын қорғаныс қалқаны. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырған шақта банктер салымшы үшін күресті күшейтуде. Тиісінше қысқа мерзімді жоғары табысты өнімдерін назарға алынады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







