Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуінде болуы керек екенін айтты, — деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», — деді Президент.
Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Ал 7 маусымда бұл өзгерістің күшін жою туралы петиция жарияланып, қажет 50 мың қол жиналғанымен, бастама қабылданған жоқ.