Қазақстандағы ең ірі құрылыс холдингтерінің бірі BI Group компаниясының иесі, танымал кәсіпкер Айдын Рахымбаев Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданына қарасты Құлынжон (бұрынғы Казнаковка) ауылындағы балалық шағы өткен қарашаңырақты қайта сатып алды. Бизнесмен әкесінің қолымен тұрғызылған баспананы күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл мектебінің мұғалімдеріне табыстауды ұйғарған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кәсіпкер әлеуметтік желідегі ресми парақшасында отыз жыл бұрын ата-анасын қалаға көшіріп аларда әкесі баспананы мардымсыз бағаға өткізе салғанын еске алды. Ол кезінде кең болып көрінген шағын төрт бөлмелі үйде тұтас бір әулеттің қызықты күндері өткенін тебірене жазды.
«Жақында туған ауылым Құлынжоннан өзім туып-өскен үйді сатып алдық. Баспананы кезінде әкем өз қолымен тұрғызған еді. Отыз жыл бұрын ата-анама қалаға көшуге ұсыныс жасағанда, әкем оны екі фляг майға сата салған. Шын мәнінде, тегін беріп кеткенмен бірдей болды. Бала шағымда бөлмелер өте үлкен, ауладағы ағаштар алып болып көрінетін. Бар әлемім төрт кішкентай бөлмеге сыйып кеткен, анам, әкем, әжем, екі әпкем, ағам және мен», – деп еске алды кәсіпкер.
Төсектің аяғына байланған бұзаулар мен өткен күн естелігі
Бизнесмен жуырда сол үйге өз ұлын ертіп барғанын, баласы мұндай шағын кеңістікте сонша адамның қалай сыйысқанына таңғалғанын жеткізді. Қыстың қатал аязында қорадағы мал төлдегенде, бұзаулар мен қозыларды суықтан аман алып қалу үшін төрге кіргізіп, кереуеттің аяғына байлап тастайтын кездері болғанын баяндады. Ол ауыл тұрмысының қиындығы мен қызығы қатар өрбіген сол жылдарды жылы сезіммен еске алады.
Forbes бағалауы бойынша дәулеті 1,1 миллиард долларды құрайтын кәсіпкер 1989 жылы осы Құлынжон ауылындағы мектепті тәмамдаған.
Ауыл мұғалімдеріне арналған қоныс
Балалық шақтың естелігі қалған баспананың сатылымға шыққанын естіген кәсіпкер оны бірден қайтарып алып, жөндеу жұмыстарына кіріскен. Ол ғимараттың ендігі тағдыры білім саласымен және ауылға келетін жас мамандармен тығыз байланысты болатынын мәлімдеді.
«Үйде Құлынжондағы жаңа мектептің мұғалімдері тұратын болады. Өткен аптада ғана мектептің жаңа ғимаратын аштық. Ауылға жаңадан келетін ұстаздар қажет, сондықтан баспана оларға аса пайдалы болмақ. Кезінде біздің отбасымызға қызмет еткен қарашаңырақ енді мектепке, ауылға және балаларымызға тәлім беретін ұстаздарға қызмет етсін», – деп жазды Айдын Рахымбаев.
Айта кетейік, өткен аптада ғана Құлынжон ауылындағы мектептің 60 жылдығына орай Rahimbaev Endowment Foundation қоры мен өңір әкімдігінің серіктестігі аясында 4,2 миллиард теңгеге жаңа интернат пен заманауи спорт кешені ашылған болатын. Енді қайтарылған тарихи үй сол білім ошағына сырттан келетін педагогтердің тұрақты баспанасына айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







