Алматы облысында танымал актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жабық форматта қаралып жатқан сот процесінің мән-жайы туралы іс бойынша жәбірленуші, актердің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жабық сот және прокурордың талабы
Атышулы істі Алматы облысының Қарасай аудандық соты қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзінде актерді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы («Телекоммуникация желілерін немесе онлайн-платформаларды пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Сот отырысына қашықтан қатысқан Фариза Алмасқызы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, процесс барысын түсіндірді. Ол істің шешуші кезеңге келгенін айтып, үкімнің шығу уақытын нақтылады.
«Сот отырысы өтті, біз оған онлайн қатыстық. Сот барысында прокурор Нұрсұлтан Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ әлі соңғы шешім шыққан жоқ. Үкім 16 қыркүйекте белгілі болады», – деді Фариза Алмасқызы.
Отбасылық жанжалдан басталған қылмыстық айып
Ерлі-зайыптылардың ажырасқаннан кейінгі жеке қарым-қатынасы желіде үлкен резонанс тудырған еді. Фариза Алмасқызы бұрынғы күйеуінің тарапынан ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырағанын, желіде ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жала сипатындағы жазбалар таралғанын айтып шағымданған.
Атап айтқанда, актердің аты-жөні мен суреті қойылған аккаунттардан жәбірленушіге «боди-массаж қызметін көрсетеді» деген секілді ауыр айыптар тағылған пікірлер қалдырылған.
Ұсынылған дәлелдемелер негізінде жәбірленуші полицияға шағым түсіріп, нәтижесінде көрінеу жалған ақпарат тарату және қудалау (сталкинг) баптары бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу барысында күдіктіге үйқамақ бұлтартпау шарасы таңдалған болатын.
Қорғаушы тарап пен айыпталушының ұстанымы
Нұрсұлтан Жақсыген тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді. Ол әлемжеліде өз атынан фейк парақшалар ашылғанын, телефон нөмірі мен жеке аккаунттары бұзылған (взлом жасалған) болуы мүмкін екенін алға тартты. Актер тек балаларымен кездесуге байланысты кейбір хабарламаларды ғана жазғанын мойындағанымен, былапыт әрі жала жабу сипатындағы жазбалардың авторы емес екенін мәлімдеген.
Актердің қорғаушысы Тілеужан Кішкенебаев даулы жазбалардың кімге тиесілі екенін сараптама арқылы нақты дәлелдеу қажеттігін ескерткен.
Адвокат тексерілмеген аккаунттың жазбасы үшін адамды соттап жіберу қауіпті жағдайға алып келуі мүмкін екенін айтып, қорғаушысының кінәсі дәлелденбесе, жауапкершіліктен босатылуы тиіс екенін алға тартқан.
Сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екендігіне қатысты соңғы нүктені Қарасай аудандық соты қояды.
Айтқандай, алаяқтар жасанды интеллект, дипфейк пен дропперлік шоттарды біріктіріп, тонаудың соны айласын іске қосып үлгеріпті. Ақшаны минут ішінде із-түссіз жоғалтатын жүйенің құпиясы неде және бұған қарсы банктер қандай амал қолданып жатыр? Толығырақ осы тұста.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







