14 тамызда Алматы мен еліміздің бірқатар оңтүстік өңірінде болған ауқымды электр қуатының өшуі Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы үшін елеулі сынаққа айналды. Апатқа қарсы автоматика ақаудың таралуын тежеп, энергетиктер бірнеше сағат ішінде негізгі жүйені қалпына келтіре алды, алайда оқиғаның нақты себебі арнайы техникалық тексеруден кейін белгілі болады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Технологиялық ақау сағат 14:37-де тіркелді. KEGOC мәліметінше, 500 кВ «Ағадыр-Үлкен» Л-5300 және Л-5320, сондай-ақ «Ақтоғай-Талдықорған» Л-5400 электр жеткізу желілері ажыраған. Соның салдарынан Қазақстанның оңтүстік энергетикалық аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергожүйесі оқшауланған режимге көшті. Алдын ала дерек бойынша, жағдайға Орталық Азия энергожүйесі тарапынан қуат ағынының күрт өзгеруі себеп болған.
KEGOC алғашқы жедел есепте республика бойынша енгізілген шектеудің көлемін шамамен 2810 МВт деп көрсетті. Ал энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушев кейін қолда бар өңірлік мәліметтерді есептей отырып, шектеу көлемі 1000 МВт-тан асқанын айтты және көрсеткіштердің әлі нақтыланатынын ескертті. Алматы мен Алматы облысының өзінде шамамен 300 МВт, Түркістан облысында 289 МВт, Жетісуда 180 МВт, Жамбыл облысында 142 МВт жүктеме ажыратылған.
Алматыда жарықтың өшуі қалалық инфрақұрылымға бірден әсер етті. Бірқатар бағдаршам жұмысын тоқтатып, көлік кептелісі пайда болды, метро қозғалысы уақытша үзілді. Электр қуатына тәуелді сорғы станцияларының жұмысына байланысты сумен қамту жүйесінде де қысым төмендеу қаупі туындады.
Жақып Хайрушевтің бағалауынша, осындай ауқымды технологиялық бұзылыста апатқа қарсы автоматика шешуші рөл атқарған. Жүйе зақымдалған бөлікті оқшаулап, ақаудың бүкіл энергожүйеге таралуына мүмкіндік бермеді. Бұдан кейін диспетчерлер, электр станциялары, магистральдық және тарату желілерінің мамандары қалпына келтіру жұмысын кезең-кезеңімен жүргізді.
– Энергетика штаттық тәртіппен жұмыс істеді. Апаттық автоматты қорғаныс жүйелері өз міндетін орындады. Мұндай жағдайда энергетиктердің жедел іс-қимылын атап өту керек, – деді Жақып Хайрушев. Оның айтуынша, сағат 17:00-де шектеулерді толық алып тастау туралы команда берілген.
Дегенмен электр қуатының жылдам қалпына келуі мәселе толық шешілді дегенді білдірмейді. Мыңдаған мегаватт жүктеменің бір мезетте шектелуі Орталық Азиядағы өзара байланысқан энергетикалық жүйенің қаншалықты күрделі екенін көрсетті. Бір мемлекеттегі немесе трансшекаралық желідегі теңгерімсіздік қысқа уақыт ішінде бірнеше өңірдің жұмысына әсер етуі мүмкін.
Сондықтан ендігі басты сұрақ – ақаудың бастапқы нүктесін анықтау. Арнайы комиссия қуат теңгерімсіздігінің қалай пайда болғанын, оның қай желілерге тарағанын, релелік қорғаныс пен апатқа қарсы автоматиканың қаншалықты дұрыс жұмыс істегенін бағалауы қажет. KEGOC технологиялық бұзылыстың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Ерекше назар 500 кВ «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің беріктігіне аударылады. Аталған магистраль солтүстіктегі ірі генерация көздерін электр энергиясы тапшылығы сезілетін оңтүстікпен байланыстыратын стратегиялық энергетикалық дәліз саналады. Оңтүстікте жаңа генерациялық қуаттар салынып жатқанымен, өңірдің жүйелік тұрақтылығы әзірге магистральдық желілердің сенімділігіне де тәуелді. Энергетика министрлігі 2026 жылы Түркістандағы 1000 МВт, Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тегі жиынтық қуаты 1100 МВт-тан асатын жаңа бу-газ қондырғыларын іске қосуды жоспарлап отыр.
Энергетика сарапшысы Қайрат Қай да мұндай апат кезінде автоматиканың өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның бағалауынша, диспетчерлік қызмет, станциялар, магистральдық және тарату компанияларының жедел үйлесуі жүйені қайта жинаудың негізгі шарты болды.
14 тамыздағы жағдай Қазақстан энергетикасына екі түрлі қорытынды қалдырды. Бір жағынан, апатқа қарсы қорғаныс пен жедел басқару жүйесі ақауды шектеп, негізгі энергожүйені салыстырмалы түрде тез қалпына келтірді. Екінші жағынан, бір технологиялық теңгерімсіздіктің Алматыдан бірнеше облысқа дейін әсер етуі электр желілерінің резервін, трансшекаралық режимдерді және оңтүстіктегі генерация тапшылығын жүйелі түрде қайта бағалау қажеттігін көрсетті.
Ендігі міндет блэкаутты жойылған оқиға ретінде архивке жіберу емес, одан техникалық сабақ шығару. Себеп дәл анықталып, әлсіз буындар күшейтілсе ғана келесі ұқсас теңгерімсіздік тұтынушы үшін жарықтың жаппай өшуіне айналмауы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







