Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жеңіс күніне орай Астанадағы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері де қатысты. Рәсім барысында Мемлекеттік кеңесші батырлар ерлігі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Бауыржан Момышұлы Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, белгілі қаламгер және қазақ халқының әскери рухын биікке көтерген тұлға. Оның өмір жолы жас ұрпақ үшін отансүйгіштік, ар-намыс және елге адал қызмет етудің айқын үлгісі саналады.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Атырау облысында өткен отырысында берген тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы «Айбын» орденінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілген.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 24 желтоқсанда, Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толған күні, даңқты батырға «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойған еді.
Бауыржан Момышұлының ерлігі мен қаламгерлік мұрасы ел жадындағы биік құндылықтардың бірі болып қала береді. Оның тұлғасы кейінгі буынды елін сүюге, жауапкершілікке және Отанға қызмет етуге тәрбиелейтін рухани бағдар ретінде ұлықталуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







