Жеңіс күніне орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев майдангерлердің шаңырағына барып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерекелік құттықтауын жеткізді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақ басшысы соғыс және еңбек ардагері Вениамин Скаленконы құттықтады. Ол Бөрлі ауданында дүниеге келген. 17 жасында әскер қатарына алынып, майданға аттанған. 98-гвардиялық әуе-десанттық Свирь дивизиясы құрамында болып, Будапешт, Вена және Братислава қалаларын азат етуге қатысқан. Зайыбы Ксения Федосеевна да тыл ардагері.
Нариман Төреғалиев соғыс және еңбек ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапичтің де шаңырағына барды. Ол 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматыда білім алған. Майдан жылдары Польша, Чехословакия және Украинаны азат етуге қатысты. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруінде болды.

Соғыстан кейін Иван Гапич прокуратура органдарында ұзақ жыл еңбек етті. Сала ардагеріне ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың құттықтау хаты табысталды.
Облыс әкімі майдангерлерге зор денсаулық тілеп, олардың ерлік пен еңбекке толы өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін қайсар рух пен отансүйгіштіктің үлгісі екенін айтты.
Ардагерлер құрметіне оркестр Жеңіс әндерін орындады. Майдангерлер өздерін құттықтай келген азаматтарға ақ батасын беріп, елдің амандығы мен жердің тұтастығын тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







