2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу және қарызды қайта қаржыландыру талаптары түбегейлі жаңарады. Енді екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз онлайн тұтынушылық қарыз берер алдында әрбір клиентке арнайы сауалнама жүргізуге міндеттелді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сауалнама қалай жүргізіледі және оған не кіреді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен жаңа нормаларға сәйкес, онлайн несие алғысы келетін кез келген азамат жеті сұрақтан тұратын тестілеуден өтеді. Жаңа тетік ең алдымен кибералаяқтық әрекеттердің жолын кесуге бағытталған. Қаржы ұйымы өтініш берушінің қарызды өз еркімен алып жатқанына және үшінші тұлғалардың ықпалына түспегеніне көз жеткізуге тиіс.
Сауалнама барысында клиенттен мынадай жайттар нақтыланады:
- несиені рәсімдеуді кім ұсынғаны: азаматтың өз шешімі ме, әлде күмәнді қоңырау шалушылар ма;
- қаражаттың нақты мақсаты: жеке қажеттілікке ме, әлде «шотты тексеру», «қауіпсіз шотқа аудару» сылтауы ма;
- қарыз шарттары: сомасы, төлем мерзімі, мөлшерлемесі мен өтеу кестесі түсінікті ме;
- несие алуды жақындарынан немесе банк менеджерінен жасыру туралы ақыл-кеңес берілген-берілмегені;
- өтініш берушіге шұғыл ақша аудару туралы қысым жасалып жатқан-жатпағаны.
Күдікті белгі анықталса, банк қандай шара қолданады?
Егер сауалнама барысында алаяқтық белгілері немесе адамның өзге біреудің психологиялық қысымымен әрекет етіп отырғаны байқалса, қаржы институты мән-жайды қосымша тексеруге көшеді. Тұтынушыға ықтимал қатерлер түсіндіріліп, қауіпсіздік сүзгісі іске қосылады.
Сауалнама нәтижесінде үшінші тұлғалардың ықпалы немесе алаяқтық белгілері байқалса, банк қарыз шартын жасасуды уақытша тоқтата тұруға немесе несие беруден біржола бас тартуға міндетті.
Жеке деректердің сыртқа тарап кеткені анықталған жағдайда, банк қайта биометриялық сәйкестендіру талап етеді. Сондай-ақ телефон нөмірінің нақты иесі тексеріліп, клиентке өзіне несие рәсімдеуге «стоп-кредит» ерікті шектеуін қою ұсынылады.
Қайта қаржыландыру сомасы қолға берілмейді
Қазаннан бастап басқа банк немесе микроқаржы ұйымындағы қарызды қайта қаржыландыру (рефинансирование) ережесі де өзгереді. Бұдан былай борышты жабуға арналған қаражат қарыз алушының қолына берілмейді.
Жаңа талап бойынша, жаңа несие бөлген банк клиенттің келісімімен қаржыны ескі берешек тұрған қаржы ұйымына тікелей аударады. Ақша аударылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде берешек автоматты түрде жабылуға тиіс. Бұл ретте қарыз алушыдан бөлек өтініш жазу талап етілмейді. Егер түскен қаражат қарызды толық жабуға жетпесе, түскен сома көлемінде ішінара өтеу жүргізіледі.
Ойлану кезеңі: ақша бірден түспейді
Қаржы реттеушісі қабылдаған ережелерге сәйкес, онлайн несиелер бойынша шешім қабылдау кезеңі де қатаң сақталады. Белгіленген шекті сомалардан асатын онлайн-қарыздар кезінде ақшаны аударуға дейін күту уақыты енгізілген.
150 АЕК-тен 255 АЕК-ке дейінгі қарыздарға кемінде 8 сағат, ал одан асатын көлемде кемінде 24 сағаттық үзіліс беріледі. Осы мерзімде азамат несиеден айыппұлсыз бас тарта алады.
Маңызды жайт, жаңа шектеулер тек кепілсіз онлайн қарыздарға қатысты. Банк бөлімшелеріне тікелей барып рәсімделетін несиелер мен сауда орындарындағы тауарлық кредиттер бұл ережеден тыс қалады. Жаңа тәртіп асығыс қарыз алуды азайтып, азаматтарды қаржылық тұзақтан қорғауға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







