Астанадағы Қаламгерлер аллеясында Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып суретке түскен бойжеткен ұсталып, ісі сотқа жолданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кеше сайтымызда бірінші болып Алаш арыстарының ескерткішіне құрметсіздік танытқан жастардың әрекеті қоғам наразылығын туғызғанын жазғанбыз.
Оқиға елордадағы Қаламгерлер аллеясында болған. Қала тұрғыны «Үш бәйтерек» монументінің маңында демалып отырып, мүсін басына шығып алған қыздарды байқаған. Ол мәдени нысанға құрметсіздік танытқан жастарға ескерту жасап, әрекетін ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.
Куәгердің айтуынша, қыздар ескертуді түсінбей, кешірім сұрауға да асықпаған. Желі қолданушылары мұндай әрекетті қазақ әдебиетінің алыптарына, Алаш руханиятына және тарихи жадыға жасалған құрметсіздік ретінде қабылдады.
Бейнежазба әлеуметтік желіде кең тарағаннан кейін Астана қаласының полиция департаменті іске араласты. Тәртіп сақшылары видеодағы қыздың жеке басын анықтап, оны Байқоңыр ауданы Полиция басқармасына жеткізді.
Полиция мәліметінше, 18 жастағы Астана тұрғыны Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, қоғамдық орын мен мәдени нысанға құрметсіздік танытқан. Ол ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті. Ескерткіштерге, мәдениет және тарихи мұра нысандарына ұқыпты қарау әр азаматтың міндеті. Ал нысанды қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, заңда белгіленген жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін.
Бейімбет Майлин – қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлт руханиятының да ірі тұлғасы. Мұндай ескерткіштер жай тас немесе мүсін емес, халықтың тарихи жады мен мәдени құрметінің белгісі. Сондықтан қоғамдық орында суретке түсу мәдениеті де жауапкершілікпен ұштасуы керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







