Америкалық Reflect Orbital стартапының түнде Жер бетіне күн сәулесін шағылыстыру жоспары халықаралық ғылыми ортада үлкен дау туғызды. Әлем астрономдары орбитаға мыңдаған алып айна-спутник шығару жердегі оптикалық ғылым мен ғарышты бақылау жүйесін түбегейлі күйретеді деп ескертеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғарыштық стартаптың уәдесі мен мақсаты
Reflect Orbital ұсынып отырған тұжырымдама «күн сәулесі қызмет ретінде» (sunlight-as-a-service) деп аталады. Жоба аясында төменгі жерсеріктік орбитаға алып айналармен жабдықталған спутниктер тобын орналастыру көзделген. Олар күн батқан соң Жердің белгілі бір нүктелеріне күн сәулесін бағыттап, түн мезгілінде диаметрі бірнеше шақырым болатын аумақты жарықтандыра алады.
Компания бұл жүйенің коммерциялық әрі әлеуметтік пайдасы мол екенін алға тартуда. Атап айтқанда, қараңғы түскеннен кейін күн электр станцияларының жұмысын жалғастыруға, апат аймақтары мен тәулік бойы жүретін іздестіру-құтқару шараларына қосымша жарық түсіруге болады. Сондай-ақ өндірістік нысандардың жұмыс уақытын ұзартып, егістік өнімділігін арттыру мүмкіндігі де айтылды.
Ғалымдардың дабылы: Жердегі астрономияға төнген қатер
Жоба бастапқы кезеңде тұрғанына қарамастан, ғылыми қауымдастық қатаң қарсылық білдіре бастады. Америкалық астрономиялық қоғам (AAS) бастаған 28 ғылыми ұйым орбитадағы мыңдаған жасанды айнаның зардабы ауыр болатынын мәлімдеді. Ғалымдардың айтуынша, бағытталған жарық ағыны телескоптардың аса сезімтал сенсорларына тікелей түссе, оптикалық құрылғыларды істен шығарып, түсірілімдерді толықтай жарамсыз етеді.
Тіпті спутниктер тікелей телескоп бағытына түспеген күннің өзінде, Жер атмосферасында шашырайтын жарық түнгі аспанды тым қатты нұрландырып жібереді. Мұндай жағдайда алыс галактикаларды, әлсіз жарқырайтын ғарыш денелерін, сондай-ақ Жерге қауіп төндіруі мүмкін астероидтарды уақтылы анықтау қиындай түседі.
Принстон университетінің астрофизигі Гаспар Бакош бұл бастамаға қатысты өз пікірін өткір жеткізді.
«Бұл жай ғана алаңдаушылық емес, басыңа оқ атылғанмен бірдей. Жер бетіндегі астрономияның соңы келді», – деді Гаспар Бакош.
Қосымша қауіптер мен компания ұстанымы
Сарапшылар тек кәсіби обсерваторияларға ғана емес, әуесқой астрономдарға да тікелей қауіп бар екенін алға тартады. Егер аспан бақылап отырған адамның оптикасына кенеттен шағылысқан күшті жарық түссе, ол көз торын зақымдауы мүмкін. Сонымен қатар жасанды күн сәулесі түнгі жануарлар дүниесінің биологиялық ырғағын бұзып, жарық ластануын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізеді.
Reflect Orbital өз кезегінде астрономдармен мәмілеге келуге тырысатынын хабарлады. Компания өкілдері спутниктердің орбиталық қозғалысын алдын ала жариялап отыруға, ірі обсерваториялар мен қорғалатын табиғи аймақтарға сәуле бағыттамауға және белсенді емес аппараттарды шағылысуды азайтатындай етіп бұрып қоюға уәде берді.
Орбитаға ондаған мың жарық шағылыстырғыш шығару түнгі аспанды коммерциялық мақсатта пайдаланылатын жарық алаңына айналдыруы мүмкін.
Дегенмен ғалымдар бұл уәделер мәселені шешпейді деп санайды. Ғарыштық инфрақұрылым жеке компаниялардың қолында бақылаусыз кеңейсе, адамзат ғасырлар бойы жинақталған жердегі ғарышты зерттеу мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






