Технология нарығындағы басты қарсыластар саналатын Apple мен Google компанияларының жаңа флагмандары жан-жақты сынақтан өтті. АҚШ нарығында бастапқы бағасы 1 299 доллардан басталған қос құрылғының басты артықшылығы – камера жүйесі. BGR басылымының технологиялық шолушысы Коннор Джевисс қос флагманды қатар қолданып, қайсысының түсірілім сапасы жоғары екенін анықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
iPhone 18 Pro Max: айнымалы диафрагма мен кәсіби бейне сапасы
Apple биылғы флагманында негізгі сенсорды түбегейлі жаңартты. Негізгі камера f/1.48, f/1.8, f/2.8 және f/4.0 аралығында ауысатын айнымалы диафрагмамен жабдықталған. Мұндай инженерлік шешім жарықты реттеуге, түнгі түсірілімде шуды азайтып, кадр экспозициясын жеделдетуге зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ қозғалыстағы көліктердің жарық іздерін анық түсіруге жол ашады.
Смартфонның стандартты камера қолданбасына кәсіби баптаулар қосылған. Енді пайдаланушы диафрагманы, экспозиция уақытын және ақ түс балансын қосымша ақылы бағдарламаларсыз тікелей реттей алады. Бейнебаян түсіруде «киноэффектіні» видеоны жазып болғаннан кейін де қолдану мүмкіндігі пайда болды. Соған қарамастан, құрылғының әлсіз тұстары да жоқ емес: зум 20 еселік шектен асқанда сапа күрт төмендейді, ал өңделмеген түпнұсқаны сақтайтын Reference режимі мәзірдің тым тереңіне жасырылған.
«iPhone 18 Pro Max камерасы фото, портрет және бейне сапасы жағынан жалпы есепте озық шықты. Ал Pixel 11 Pro XL ұзақ қашықтыққа зум жасауда және түнгі түсірілім жылдамдығында басым түсті», – деп түйіндеді сарапшы Коннор Джевисс.
Pixel 11 Pro XL: 120 еселік зум мен жүйрік түнгі режим
Google ұсынған Pixel 11 Pro XL артқы жағында 50 мегапиксельдік негізгі сенсор, 48 мегапиксельдік аса кең бұрышты және 48 мегапиксельдік 5 еселік оптикалық телефото линза орнатылған. Компания телеобъективті қайта жобалап, оның жарық сезгіштігін 30 пайызға арттырды. Сынақ нәтижесінде негізгі камера фильм тәрізді табиғи әрі жоғары детальді кадрлар ұсынды, алайда өңдеу алгоритмдерінің салдарынан түстер кейде шамалы бәсең шығады.
Pixel моделінің ең басты артықшылығы оның зум мүмкіндігінен байқалды. Құрылғы 5 және 10 еселік оптикалық жақындату кезінде қараңғыда да айқын түсіреді. Ал жасанды интеллектке негізделген Pro Zoom жүйесі нысанды 120 есеге дейін жақындата алады.
«Google әзірлеген Pro Zoom жүйесі бөлменің түкпірінен мәзір мен маңдайшадағы мәтінді еркін оқуға мүмкіндік береді. Дегенмен 80 еселік ұлғайтудан асқан кезде жасанды интеллект детальдарды ойдан құрастырып, дәлдікті жоғалта бастайды», – деп атап өтті сарапшы.
Сонымен бірге Pixel құрылғысындағы Night Sight түнгі режимі алдыңғы буынға қарағанда 4,5 есе жылдам жұмыс істейді. Әсіресе әртүрлі шамдармен жарықтандырылған түнгі көшелерде жарық көздерін өңдеу жағынан ол қарсыласынан әлдеқайда тұрақты нәтиже көрсетті.
Қорытынды: қай смартфонды таңдаған дұрыс?
Сарапшылардың пікірінше, көпшілік пайдаланушы үшін iPhone 18 Pro Max сенімдірек әрі әмбебап шешім болып қала береді. Ол түстердің шынайылығы, портреттік режим, күнделікті тұрақтылық және кәсіби бейнежазба бойынша көш бастап тұр. Ал егер сізге алыс қашықтықтағы нысандарды сапалы түсіру және қараңғыда өте жылдам жұмыс істейтін түнгі режим қажет болса, Pixel 11 Pro XL таптырмас құралға айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






