Павлодарда 100 жастағы соғыс ардагері Сергей Выжутович Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс берді. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмаған майдангердің үйіне жылжымалы дауыс беру жәшігі жеткізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сергей Выжутовичтің бір ғасырлық ғұмыры ел тарихындағы тұтас дәуірлерді қамтиды. Ол соғыс қасіретін де, Жеңіс қуанышын да көрді. Қираған елді қалпына келтіру кезеңіне араласып, кейінгі онжылдықтардағы даму, тоқырау, тәуелсіздік пен жаңа мемлекеттің қалыптасуына куә болды.
Талай алмағайып кезеңді бастан өткерген ардагер ел болашағына деген сенімін жоғалтпаған. Жасы жүзге келсе де, мемлекет өміріндегі маңызды науқаннан шет қалмай, өзінің азаматтық таңдауын жасады.
– Мұндай кезде бейжай қалуға болмайды. Уақыт өтіп жатыр, өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан мен мұндай шараларға әрдайым адал әрі жауапкершілікпен қараймын. Бұл – менің азаматтық борышым. Менің дауысымның да маңызы бар. Халыққа қызмет ететін партияға дауыс беремін, – деді Сергей Выжутович.
Ардагердің өмір жолы майдан даласымен тығыз байланысты. Ол 1944 жылдың қарашасында әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың наурызына дейін Орта Азия әскери округінің 118-ші запастағы полкінде қызмет еткен.
Кейін 2-ші Беларусь майданына қарасты 44-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қабылданып, қатардағы жауынгер ретінде Польшаға дейін жеткен. Жеңісті Германияның Росток қаласында қарсы алды.
Сергей Выжутович жауынгерлік және еңбек жолындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен бірге оның 13 мерейтойлық медалі мен бірқатар еңбек наградасы бар.
Майданнан оралғаннан кейін ардагер бейбіт өмірдің құрылысына кірісті. 1956 жылдан бастап «Павлодарпромстрой» құрылыс басқармасында еңбек етіп, алғашқыда шебер, кейін прораб қызметін атқарды. Құрылыс саласына 28 жылын арнап, 1985 жылдың тамызында зейнет демалысына шыққан.
Елді қарумен қорғаған майдангер кейін оның қалалары мен өндіріс орындарын тұрғызуға үлес қосты. Ал жүз жасқа келген шағында мемлекет келешегіне бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте көрсетті.
Сергей Выжутовичтің пікірінше, ел тағдырына араласу жасқа байланысты емес. Әр азамат өзінің сайлау құқығын пайдаланып, мемлекеттің болашағы үшін жауапкершілік алуға тиіс.
Ғасыр жасаған ардагердің үйіне жеткізілген дауыс беру жәшігі осылайша жай ғана сайлау рәсімінің құралы емес, бірнеше тарихи дәуірді жалғаған азаматтық сабақтастықтың нышанына айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







