Күздің екінші айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде. Синоптиктер мен Экология министрлігінің соңғы мәліметінше, республиканың көптеген өңірінде әдеттегіден жылы күндер сақталады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Орташа температура климаттық нормадан жоғары болады
«Қазгидромет» болжамына сәйкес, қазан айында еліміздің көп аймағында орташа айлық ауа температурасы нормадан 1–2 градусқа жылырақ болады. Айлық орташа көрсеткіш республика аумағының басым бөлігінде +3…+10 градус аралығында қалыптасса, оңтүстік облыстарда +11…+16 градус шамасында болжанған.
Дегенмен барлық өңірде бірдей жылымық байқалмайды. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстік-шығысында ауа температурасы көпжылдық орташа деңгейде сақталады. Үкімет отырысында күзгі ауа райына қатысты нақты бағыттар пысықталды.
«Қазан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп болжанып отыр», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
Жауын-шашын: қай аймақта қар аралас жаңбыр жауады?
Республика аумағының негізгі бөлігінде жауын-шашын мөлшері орташа климаттық шамаға жақын түседі. Алайда кейбір облыстарда жауын-шашын көлемі нормадан айтарлықтай асады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында, Атырау және Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын мол түседі.
Ал Жамбыл, Жетісу облыстарында, Қызылорда өңірінің оңтүстік-шығысында, Ұлытауда, Қарағанды мен Абай облыстарының оңтүстік өңірлерінде жауын-шашын нормадан аз болады деп болжануда. Осындай құрғақтау ауа райы Түркістан мен Алматы облыстарының солтүстік бөлігіне де тән болмақ.
Айдың басындағы сынап бағанасының құбылуы
Қазан айы тұтастай алғанда бірқалыпты болмайды. Әсіресе айдың алғашқы онкүндігінде атмосфералық фронттардың белсенді өтуіне байланысты күн райы бірнеше мәрте өзгереді. Елдің солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ таулы аудандарда түнгі уақытта жаңбырдың соңы жылбысқы қарға ұласуы мүмкін.
Батыс және солтүстік-батыс облыстарда қазанның алғашқы күндерінен бастап түнгі ауа температурасы кей жерлерде -1…-6 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Синоптиктердің хабарлауынша, Астанада қазан айының орташа температурасы шамамен +6 градус маңында болады. Бұл жыл сайынғы климаттық қалыптан 1 градусқа жоғары. Алматы мен оңтүстік өңірлерде айдың бас кезінде күндіз ауа температурасы +20…+25 градусқа дейін жылынып, кейін салқындай бастайды. Мамандар күзгі кезеңдегі құбылмалы ауа райына байланысты жүргізушілерге қозғалыс қауіпсіздігін ескеруді еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







