Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық IT форумы аясында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы перспективті жобалар көрмесін аралады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Отандық цифрлық жобалар мен жаңа шешімдер
Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University базасында жасалған AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan және ALFA жобалары таныстырылды. Сонымен қатар ұлттық Aitu мессенджерінің жаңа функционалдық мүмкіндіктері мен «Самұрық-Қазына» қоры мен Higgsfield AI компаниясының интеллектуалдық әзірлемелері ұсынылды. Сондай-ақ Екібастұз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» (Data Center Valley) кластерінің жоспарына назар аударылды.
IT экспорты 1 миллиард доллардан асты
Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қазақстанды озық цифрлық елге айналдыру бойынша кешенді қадамдар жасалып жатқанын тілге тиек етті.
«Өткен жылы қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Цифрлық шешімдеріміз әлемнің 100-ден аса елінде қолжетімді. Бұл қадамдар еліміздегі және әлемдегі прогреске үлес қосуға Қазақстанның да ниетті екенін көрсетеді», – деді президент Тоқаев.
Мемлекет басшысы отандық стартаптарға қолдау білдіріп, нақты экономикалық қажеттілікке сай өнеркәсіп саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
Жасанды интеллект саласындағы жаһандық жауапкершілік
Президент құбылмалы әрі технологиялық заманда жасанды интеллектінің адам өміріне, өндіріс пен басқару жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкеліп жатқанын қаперге салды. Осыған байланысты технологиялық қауіпсіздік пен жауапкершілік алдыңғы қатарға шығуы тиіс.
«Күллі әлем жұртшылығы жасанды интеллектінің дамуына айрықша назар аударып отыр. Жақында Президент Дональд Трамптың бастамасымен Американың жетекші технологиялық компаниялары Суперинтеллект туралы келісімге қол қойды. Мүдделі елдер осы тәсілді үлгі ретінде қарастырып, жаһандық деңгейде қолдануға болар еді», – деп тоқталды Мемлекет басшысы.
Халықаралық компаниялармен байланыс нығая түспек
Шара аясында президент General Atlantic басшысы Уильям Фордпен, NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен және БАӘ делегациясымен келіссөз жүргізді. Кездесулерде еліміздің цифрлық инфрақұрылымын кеңейту, суперкомпьютерлік қуаттарды орналастыру мен халықаралық венчурлік инвестиция тарту жайы талқыланды. Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп белгіленгендіктен, мұндай стратегиялық серіктестік елімізді аймақтық жетекші технологиялық хаб ретінде бекіте түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







