Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы» №1474 Жарлыққа қол қойды. Жаңа конституциялық органның құрамына қоғам қайраткерлері, өңір өкілдері, кәсіпкерлер мен мәдениет, спорт майталмандарынан құралған 126 адам енді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тең үштік қағидаты: 126 орын қалай бөлінді?
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнын басқан жаңа құрылымның жасақталу тәртібі Конституциялық заңмен қатаң бекітілген. Барлық 126 орын өзара тең үшке бөлінген:
- 42 өкіл – этномәдени бірлестіктерден;
- 42 өкіл – қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар мен үкіметтік емес сектордан;
- 42 өкіл – өңірлік мәслихаттар мен жергілікті қоғамдық кеңестерден іріктелді.
Мұндай теңгерімді формула өңірлердің, азаматтық қоғам мен түрлі этнос өкілдерінің мүддесін бір алаңға тоғыстыру мақсатында енгізілген. Мүшелердің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
Тізімде кімдер бар: саясаткерлер, технократтар және чемпиондар
Кеңес құрамы қоғамның әр саласындағы беделді тұлғаларды қамтыған. Саясат және қоғам қайраткерлерінен Ермұрат Бапи, Мұрат Әбенов, Еділ Жаңбыршин, Нұртөре Жүсіп, Аманжол Әлтай, Еркін Әбіл, Ләззат Қалтаева және Андрей Лукин енді.
Бизнес пен инновация бағытынан «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин мен белгілі кәсіпкер Андрей Лаврентьев, аграрлық саладан Геннадий Зенченко бар. Сондай-ақ мемлекеттік тіл мен медиа саласынан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы мен бірқатар журналистер тартылған.
Мәдениет пен спорт саласының өкілдері де назардан тыс қалмады. Құрамда жазушы-драматург Роза Мұқанова, белгілі репродуктолог-ғалым Вячеслав Локшин, Олимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко мен Ислам Байрамуков, бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және көркем гимнастика федерациясының жетекшісі Әлия Юсупова бар.
Жай кеңес емес: органның ерекше өкілеттіктері
Қазақстан Халық Кеңесінің бұрынғы консультативтік диалог алаңдарынан түбегейлі айырмашылығы – оның құқықтық мәртебесі мен саяси салмағында.
Жаңа конституциялық мәртебеге сәйкес, аталған органға тікелей заң шығару бастамасы құқығы берілді.
Яғни Кеңес қоғамдық өзекті мәселелер бойынша әзірленген заң жобаларын бірден бірпалаталы жаңа Құрылтайдың қарауына енгізе алады. Бұған қоса, республикалық референдум тағайындау жөнінде бастама көтеру, ішкі саясаттың стратегиялық бағыттарына ұсыныс беру және қоғамдық бақылау жүргізу құқығына ие.
Төраға қалай сайланады?
Кеңес мүшелері ешқандай жалақы алмайды, мемлекеттік іске таза қоғамдық негізде атсалысады. Ұйымның күнделікті кеңсе жұмысын мемлекеттік орган саналатын шағын Хатшылық қамтамасыз етеді.
Ал алқалы органның Төрағасы алдағы өтетін алғашқы сессияда Кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы 4 жыл мерзімге сайланады. Заң бойынша бір адам бұл лауазымға қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды. Басшылық құрамда Төрағаның екі орынбасары болады. Мемлекет басшысының жарлығы ресми қол қойылған күннен бастап заңды күшіне енді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







