Алматы қаласында Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиум басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған ауқымды жиынға вице-президент Ерлан Қарин қатысып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент құттықтауында ұлы ойшылдардың озық идеяларын жаңа дәуір талабына сай терең зерттеп, өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттаудың стратегиялық мәніне тоқталды. Сондай-ақ өткеннің тағылымын заманауи ғылым контексінде қайта зерделеу маңызды екенін атап өтті.
«Әл-Фараби адамзатқа ортақ мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеп, соңына теңдессіз мұра қалдырды. Оның парасатты адам және қайырымды қоғам туралы тұжырымдары ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Мұның бәрі ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған «Таза Қазақстан», «Адал азамат» идеяларымен үндеседі», – делінген мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Симпозиум екі жылда бір рет ұйымдастырылады
Жиын мінберінен сөз сөйлеген Ерлан Қарин рухани құндылықтар мен тарихи тұлғаларды дәріптеу ісі жаңа кезеңге көшкенін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ұлы ойшылдардың еңбектерін жүйелі зерттеу тетігі енгізілді. Бұдан былай Түркістанда – Қожа Ахмет Ясауи, ал Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық ғылыми симпозиумдар кезекпен екі жылда бір рет тұрақты өткізілетін болады.
«Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі әрі кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді», – деді Ерлан Қарин.
Дала өркениеті және ұрпақтар сабақтастығы
Вице-президент өз сөзінде Қазақстанның көне мемлекеттер мен алып империялар мекені ғана емес, әлемдік ой-сананың дамуына зор үлес қосқан өркениет ордасы екенін атап көрсетті. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім және Мәшһүр Жүсіп сынды алыптар соның айқын дәлелі саналады.
Жақын уақытта жарық көретін Қазақстан тарихының көптомдығында да осы ғұламалардың рухани сабақтастығына дербес тараулар арналды. Сонымен бірге мектептердегі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен бірыңғай дизайн-код аясында ұлы ойшылдардың нақыл сөздері көрнекі түрде орналастырылып жатыр. Басты мақсат – жас буынның бойына білім мен ғылым культін ерте жастан сіңіру.
Жасампаздыққа жетелейтін ортақ мақсат
Ерлан Қарин мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мен «Құрылыс және тағы да құрылыс» үндеуінің мән-маңызын түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұл қадам тек ғимараттар бой көтеруі емес, бүкіл қоғамды бірлескен жасампаздық пен ортақ еңбекке жұмылдыратын идеологиялық бағытты білдіреді.
Алматыдағы халықаралық симпозиумға еліміз бен шет мемлекеттердің 150-ден астам ғалымы, жетекші сарапшылары және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







