Мәжіліс депутаты, ХПК фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов депутат Гаухар Танашеваның отставкасына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Депутат Танашеваның отставкасы
Кеше Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Гаухар Танашева Мәжіліс депутаты өкілеттігінен айырылғанын хабарлады. Ол 2023 жылға 28 наурызынан бастап депутат болды.
Танашева билікке жақпай қалды ма?
«Қоғам кедейлік пен әділетсіздіктен шаршады!» деген Гаухар Танашева билікке жақпай қалды ма? Себебі бұған дейін Қазақстан Халық партиясының депутаты Гаухар Танашева өңірлерге жасаған жұмыс сапарында мектептер мен ауруханаларға күрделі жөндеу қажет дегенді алға тартып, шаруаларға жайылымдық жер жетіспейтінін мәлімдеді. Бұған қоса көпбалалы және әлеуметтік қорғалмаған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Сонымен қатар медицина саласы қызметкерлерінің жалақысының мардымсыздығына назар аударды.
Мәжілісмен Үкімет көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше назар аударуға тиіс екеніне тоқталды. Ол ана мен бала мемлекеттің ерекше қорғауына мұқтаж екенін айтты.
«Үкімет жұмысын жоспарлы һәм жүйелі ұйымдастырса, қазіргідей кемшіліктер болмас еді. Өкінішке қарай, бізде бұлай емес. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан халыққа ақша жетпейді. Атқарушы билік міндетін мінсіз атқарса, көптеген мәселелер өздігінен шешілетін еді», — деді ол.
Партия не дейді?
Қазақстан Халық партиясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың айтуынша, Танашеваның Мәжілістен кетуі белгілі бір себептерге байланысты емес, ол тек өзіне жүктелген міндеттерді орындап шыққан.
«Гаухар Танашева өз жұмысын атқарып шықты, әлеуметтік мәселелерді көтерді, енді жұмысшы мамандықтары бойынша міндеттерді орындау керек», – деді Магеррам Магеррамов.
Магеррамов ротация қалыпты тәжірибе екенін де айтты.
Танашеваның орнына кім келді?
Асылбек Нұралин Мәжілістің жаңа депутаты атанды. Ол Қазақстан Халық партиясы фракциясы атынан өкілеттілігін тоқтатқан Гауһар Танашеваның орнына келді.
Бүгін ол Мәжіліс депутаты ретінде ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.