Қазақстан мен Вьетнам мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Екі ел кино өндірісінен бастап креативті туризмге дейінгі бірнеше бағытта ортақ жобаларды қолға алуды талқылады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вьетнамда өтіп жатқан Қазақстанның мәдениет күндері аясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Чамен кездесті.
Келіссөз барысында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту, шығармашылық индустрияны дамыту және жаңа туристік жобаларды іске қосу мүмкіндіктері сөз болды.
Аида Балаева былтыр Қазақстан мен Вьетнам қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа мәртебе саяси және экономикалық ынтымақтастықпен шектелмей, мәдени саладағы байланысты да тереңдетуге жол ашады.
«Вьетнамдағы мәдени және креативті индустрияның дамуын зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Кино, орындаушылық өнер, мәдени туризм, тарихи мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнер және заманауи дизайн салаларында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Осы бағыттардағы тәжірибе алмасу ынтымақтастығымызға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Аида Балаева.
Турист енді сырттай тамашалаушы болып қалмайды
Кездесуде креативті туризмге айрықша көңіл бөлінді. Мұндай бағыт саяхатшыны тарихи орындарды аралап, суретке түсетін қарапайым қонақ ретінде емес, жергілікті мәдениеттің тікелей қатысушысы ретінде қабылдайды.
Туристер дәстүрлі қолөнермен танысып, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын жақыннан тануына да мүмкіндік туады. Шығармашылық бағдарламалар мен мәдени шаралар саяхаттың мазмұнын байыта түспек.
Қазақстан мен Вьетнам осы саладағы тәжірибені тоғыстырып, екі елдің мәдени ерекшелігін танытатын жаңа туристік өнімдер әзірлеуге мүдделі.
Қазақ және вьетнам киносы жақындай түседі
Аида Балаева кинематография саласындағы байланысты жандандыруды ұсынды. Екі елде өзара кино апталықтарын өткізу, қазақстандық және вьетнамдық режиссерлер мен продюсерлердің халықаралық фестивальдерге қатысуына жағдай жасау мәселесі талқыланды.
Сонымен қатар Қазақстан мен Вьетнам аумағында бірлескен түсірілімдер ұйымдастыру, ортақ фильмдер мен басқа да экрандық жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.
Мұндай бастамалар екі елдің көрерменін бір-бірінің тарихымен, мәдениетімен және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік береді. Қазақстанның табиғи көріністері мен тарихи мекендері вьетнамдық киногерлер үшін жаңа түсірілім алаңына айналса, Вьетнамның ерекше сәулеті мен тропикалық табиғаты қазақстандық шығармашылық топтарға тың кеңістік ұсына алады.
Екі елді жалғайтын мәдени бағыттар құрылады
Кездесуде мәдени мұра нысандарын, көне қалаларды, музейлерді, қолөнер орталықтарын, фестивальдер мен заманауи өнер кеңістіктерін біріктіретін кешенді туристік бағыттар әзірлеу мәселесі де қозғалды.
Мұндай бағдарлар туристерге Қазақстан мен Вьетнамды жекелеген көрікті орындар арқылы ғана емес, тұтас мәдени кеңістік ретінде тануға жол ашады.
Тараптар тарихи мұраны сақтау мен оны заманауи тәсілдер арқылы таныстыру саласында да тәжірибе алмасуға уағдаласты. Ұлттық қолөнерді қолдау, дәстүрлі өнерді жаңа буынға жеткізу және мәдени мұраны туристік өнімге айналдыру ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болмақ.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Вьетнам өкілдері мәдени-гуманитарлық байланысты жүйелі түрде жалғастырып, ұсынылған бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға мүдделі екенін білдірді.
Вьетнамдағы Қазақстанның мәдениет күндері осы байланыстың көрнекі алаңына айналып отыр. Ал кино, туризм, қолөнер мен шығармашылық индустрия төңірегіндегі жаңа ұсыныстар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің мәдени мазмұнын тереңдете түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







