Қазақстанда интернетте балағат сөз айтқандарға әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Үкімет әзірлеген тиісті түзетулер жуық арада Парламент қарауына жолданбақ.
Желідегі бейпіл сөз үшін жауапкершілікті күшейту жоспарын премьер Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Бұған қоғамда үлкен талқылау тудырған трансформациялық тренингтердің бірінде қатысушылардың психологиялық тәжірибе ретінде жаппай балағат сөздерді қолданған видеосы түрткі болған екен.
Осыдан кейін заң шығарушылар мұндай шараларға құқықтық әрі әдептік баға беруді және кәмелетке толмағандарды қорғау тетігін қарастыруды ұсынды.
Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы дайындалған.
Құжат аясында кодекстің 434-бабын толықтыру арқылы ғаламтордағы бейпіл сөз үшін жеке әкімшілік жауапкершілік қарастырылмақ. Жаңа заң жобасы Парламентке осы айда түсіп, жыл соңына дейін қаралады деп күтілуде.
Қазіргі заңнама бойынша қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Сонымен қатар үкімет түрлі тренинг ұйымдастырушылар мен коучтардың қызметін реттеуді де күшейтпек. Осы мақсатта елде мамандардың білімі мен әдеп қағидаларына талап қоятын арнайы кәсіби стандарт енгізілген. Егер жаңа заң жобасы мақұлданса, виртуалды кеңістік балағат сөздерді қолдану тұрғысынан алғаш рет бөлек реттелетін болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







